Русский Сайттың толық нұсқасы

Зергерлік бұйым сатумен айналысатындардың 90%-ның жұмысы заңсыз - Зергерлер лигасы

  • AstanaTV
  • 09 желтоқсан 2016
  • 5327

Қазақстандағы зергерлік бұйым сататындардың 90 пайызының жұмысы заңсыз. Бұл жөнінде Астанада өткен сала өкілдерінің тұңғыш форумында зергерлер лигасы кеңесінің төрағасы айтты. Оның мәліметінше, елімізде құнды металлдан жасалған бұйымдар сататын 20 мыңға жуық сауда нүктесі бар. Алайда, олардың 1 мыңнан астамы ғана ресми тіркелген. Өзгелері контрабандалық немесе өнімді заңсыз жолмен әкеліп саудалайтын көрінеді. Қазақстанда зергерлік бұйымдар дайындайтын 15 өндіруші бар. Олар контрабандалық жабдықтаушымен бәсекелесуге пәрменсіз. Бұған бағадағы алшақтық - басты себеп.

Қайсар Жұмағалиев, Қазақстанның зергерлер лигасы кеңесінің төрағасы:

Шындығында, бізге алтынның 585 сынамасы импортталмайды. 585 сынама бар, алайда оны тексере қалсақ, 300 болуы мүмкін. Немесе алтын тектес құйма ғана.  Бұның сыртында олар кедендік алымды төлемейді, бар шығыны дүңгіршікті жалдауға кетеді. Ал қазақстандық өндірушілер бәсекеге қабілетсіз. Сондықтан бізде екі жол бар: кәсіпті жабу немесе басқа іспен айналысу.

Инвестициялық даму министрлігінің ақпарынша, биылғы 8 айда Қазақстанға құнды металлдан жасалған 6 тонна бұйым келген. Жалпы құны 6 млн АҚШ валютасын құрайды. Алайда, шенеуніктер шекараны заңсыз кескен өнімнің мөлшерін айта алмады. Биыл бар жоғы 10 контрабандалық тауар өткізуші құрықталған. Ал ведомство жетекшісінің орынбасары Альберт Рау отандық зергерлерді қолдайтынын жеткізді. Тіпті саланы дамытудың жол картасын жасауды ұсынды. Тиісті жобалардың техника-экономикалық негіздемесін дайындаудан бастап 50 пайызын субсидиялауға әзірміз,-деді.  Оның пікірінше, мемлекеттік қолдау зергерлік бұйымдардың бағасын төмендетуге жол ашады және өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттырады.