Русский Сайттың толық нұсқасы

Сәбиді аман алып қалды

  • AstanaTV
  • 03 ақпан 2023
  • 1396

Алматыда дәрігерлер көмегімен салмағы 998 гр болып өмірге келген сәбиді аман қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан хабарлағандай, қалалық Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында салмағы 998 грамм болып шала туған 7 айлық нәресте дүниеге келген.

Жаңа туған нәрестені тексеру кезінде дәрігерлер ағзаларының жетілмегендігі, бүйрек жеткіліксіздігінің ауыр түрі, екі жақты гипоплазия және бүйрек поликтозы диагнозын қояды.

«Бұл ауыр дәрежедегі туа біткен бүйректің зақымдануы. Баланың мерзімінен бұрын 998 грамм болып туып, ағзаларының жетілмегендігінің өзі жағдайды күрделендіріп тұрған, екі бүйректің зақымдануы жағдайды қиындата түсті. Оның аман қалуына үміт аз еді. Біз ағзалардың жетілмегендігін жеңе алсақ та, бүйректерде асқынулар болатынын білдік. Солай болды да, бала реанимацияда 52 күн, кейін нәрестелер патологиясы бөлімшесінде 2 ай жатты. Біз Асфендияров кафедрасынан мамандарды шақырдық, консилиумдар өткіздік», - деді Орталық директорының орынбасары, дәрігер-неонатолог Елена Плужникова.

Оның айтуынша, аурудың ауырлығына қарамастан, бала жақсы дамыды.

Біртіндеп жүргізілген барлық медициналық көмектен соң бала салмақ қоса бастады, сондай-ақ, қыз балада ретинопатия анықталғандықтан, оның көзіне операция жасалды. Ауруханадан шығару кезінде екі келіге дейін салмақ қосты.

«Қыз ауруханадан шыққанда денсаулығы орташа-ауыр дәрежеде болатын. Оны бірден нефролог пен уролог есепке алды. Бүгінгі таңда бала бүйректің жұмысын қамтамасыз ететін дәрі-дәрмектер қабылдайды. Кейін бала сәл өскен соң, бүйрек трансплантациясы туралы сөз қозғауға болады. Алты айға дейін оны жасауға болмайды, себебі, бала салмақ қосып, мықты бола түсуі керек. Кейін ата-анасы порталға ары қарай емделу үшін өтініш бере алады», - деді Елена Плужникова.