Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұр Отан» партиясының «Қоғамдық қабылдау» жұмысы жалғасуда

  • AstanaTV
  • 25 тамыз 2016
  • 2161

«Нұр Отан» партиясының «Қоғамдық қабылдауы» жалғасуда. Азаматтардан түсетін арыз-шағымдар да көп. Біразы шешімін тауып, жауапты тұлғалардың қарауына  жолданған. Бүгін партияның Астана қалалық филиалында Мәжіліс депутаты Жәмилә Нұрманбетова азаматтарды қабылдады. Қоғамдық қабылдауға жазылғандар да көп. Басым бөлігі әлеуметтік ахуалына байланысты көмек сұрай келген. Мәселен, біреулері мүгедектігі бойынша мемлекеттен берілетін жеңілдікті білгісі келеді. Екінші бір азаматтар «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен жұмысқа орналасуды қалайды. Науқастың емделуіне қажет қаржыны алу жолдары қандай деген сұрақпен келгендер де бар. Депутат азаматтарға барынша қол ұшын созып көмек беруге әзір екенін жеткізді. 

Жәмилә Нұрманбетова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:

Депутат ретінде әрбір айдың соңғы аптасында  қоғамдық қабылдау өткіземін. Тұрғындар түрлі мәселемен келіп жатады. Бүгін кезекті қабылдау «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық бөлімшесінде өтіп отыр. Қабылдауға жазылғандардың барлығының да жағдайымен таныстым. Кеңестер мен көмектер береміз.

«Нұр Отан» партиясына деген ел сенімі жылдан жылға артып келеді. Мәселен, биылғы 7 айда Астанада 300-ге тарта қоғамдық қабылдау өтіпті. Соның 56-сы мәжіліс депутаттарымен өткізілген. Нәтижесінде 100 мыңнан астам өтініш қаралды. Әрбір бесінші мәселе оң шешімін табуып отырған. Жалпы партия қоғамдық кездесулерді  жиі ұйымдастырады. Азаматтарға  арнайы кеңес беру үшін мемлекеттік орган өкілдері мен заңгерлер де шақыртылып тұрады.