Қазақстан Сирияға гуманитарлық көмек жөнелтті. Президент тапсырмасына сәйкес мемлекеттік материалдық резервтен қарастырылған 50 тонна жүк Ислам ынтымақтастығы ұйымының желісі бойынша, азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы арқылы Алеппо қаласына төрт рейспен жеткізіледі. Өзге елдер де Сирияға көмек қолын созып жатыр.
Сирияда жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 3,5 мыңға жуықтады. 5 мыңнан аса адам жарақат алған. 12 жылға созылған соғыстан елдегі инфрақұрылымның тас талқаны шыққан. Бұның барлығы құтқару жұмыстарына қиындық келтіруде.
Ибрахим Халил МЕНКАВИН:
Бұл қапшық менің ағама, ал бұл - оның ұлы мен олардың әйелдеріне арналған. Менің отбасым да сол үйінділердің астында қалған еді. Кеше кешкісін әзер дегенде шығарып берді.
Жандарис тұрғыны Насер Аль-Вакааның өмірі дейін және кейін боп екіге бөлінді. Ол бір-ақ сәтте отбасының жартысынан айырылды.
Насер Аль-Вакаа:
Біз әуе шабуылдарына, зымырандар мен бомбаларға үйреніп қалдық, бұл біз үшін қалыпты жағдай. Бірақ жер сілкінісі бірінші рет болды. Балалардың кем дегенде біреуі аман қалсын деп тіледім. Үшеуі аман қалды.
БҰҰ елге гуманитарлық көмек жеткізе бастады. Алайда ұйым өкілдері жолдың нашарлығынан тұрғындарға қажетті көмекті көрсете алмай отыр.
Гейр ПЕДЕРСЕН, БҰҰ-НЫҢ СИРИЯДАҒЫ АРНАЙЫ ӨКІЛІ:
Елдер арасындағы шекара өткеліне апаратын жолдар қирады. Алайда біз алғашқы көмекті көрсете алатынымыз туралы мәлім болды. Бізге Үкіметтің бақылауындағы Алеппо мен Хама сияқты қатты зардап шеккен аудандарға кіру үшін қолдау қажет.
Жер сілкісінен зардап шеккен Сирияға Қазақстан 50 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Азық-түлік, жылы киім, шатырлар мен төсек-орын жабдықтары түріндегі көмек еліміздің арнайы әуе кемелерімен Сирия Араб Республикасының аумағына жеткізіледі. Бүгін бірінші ұшақ Алматы қаласынан Сирияға ұшып шықты.
Айбек СМАДИЯРОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының басшылығы Қазақстанның Ливандағы Елшілігі мен Қазақстанның Сириядағы консулдығының көмегімен Алеппо қаласында Сирияның уәкілетті өкілдеріне гуманитарлық жүкті тапсырады.
Сирияға әлемдік қауымдастықтан 13 ел көмек қолын созған. Олардың қатарында 85 млн доллар аударуға ниетті АҚШ та бар.
Қ. Мерей