Русский Сайттың толық нұсқасы

Мүгедектерге қарайтын әлеуметтік қызметкерлердің дәрежесін көтеру керек - қоғам белсенділері

  • AstanaTV
  • 29 тамыз 2016
  • 2279

Алматы облысындағы науқастардың 15 пайызы мүгедектігін дәлелдей алмай жәрдемақыдан қағылған. Бұндай статистиканы бүгін Алматыда өткен баспасөз жиынында «Алпамыс» қоғамдық бірлестігінің өкілдері келтірді. Белсенділер бұған дейін Алматы облысының екі ауданында зерттеу жүргізген. Айтуларынша, ауылдарда мүгедектерге мемлекеттік қызмет түрлерін пайдалану қиынға соғады. Бұған - әлеуметтік қызметкерлер жұмыс кестесінің тығыздығы мен мүмкіндігі шектеулі жандардың ауданнан жырақта тұратыны қолбайлау болып отыр.

Құралай Сағадиева, «Алпамыс» қоғамдық бірлестігінің әлеуметтік жұмыс бойынша маманы:

Мүгедек екендігін дәлелдейтін құжатты дайындау үшін, ол ауданға баруы тиіс. Бұнымен қоса, қызметкерлер оның сол мүгедек дәрежесі бар-жоғын анықтайтын болады. Содан соң ол үйіне қайтып келеді. Қоғамдық автобус болса тағы жоқ. Ал таксимен бару үшін қомақты ақша керек. Мысалы, 120 шақырым жүру үшін 1500 теңге.

Сондықтан қоғам белсенділері ауылдық жерлерде мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсететін күтушілер қызметінің жеке стандартын жасау қажеттігін айтты. Ол үшін әлеуметтік қызметкерлердің қағазбасты жұмыстарын азайтуды ұсынды. Бұл ұсыныстар бұған дейін Денсаулық және әлеуметтік даму министрлігіне жолданған. Бірақ әзірге тұшымды жауап қайтарылған жоқ, - дейді белсенділер.

Айгүл ЕРМАХАН