Құбыр тартылғанмен газ жоқ, құдық қазылғанмен су жоқ. Түркістан облысындағы Ескі Иқан ауылының халқы біткен істің қайырын көре алмай жүр. Сауран ауданына қарасты елдімекенге он жыл бұрын 800 млн теңгеге ұңғыма қазылып, су жүйесі жүргізілген. Ал 2018 жылы 1 миллиард теңгеге газ құбыры тартылған. Соған қарамасан ауыл азаматтары әлі күнге дейін от жағып, күл шығарып әлек.
Ескі Иқан ауылының тұрғыны Жахонгир Сайдазимов көгілдір отыннан күдерін әлдеқашан үзген. Соңғы рет былтыр желтоқсанда табиғи газға қарық боласың дегенге сеніп, көмірді аз түсіргенін айтады. Енді тоннасы 35 мың теңгеге бір-ақ шығыпты. Ал осыдан бес жыл бұрын бюджет қаражатына тартылған құбырлардың қайырын әлі көре алмай келеміз дейді
Жахонгир САЙДАЗИМОВ, ЕСКІ ИҚАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Газды тексеру сол жылда бір-екі рет болады. Бірақ бір жерден воздух қашады, отек болады, басқа болады. Кемшіліктерін түзулейді, тек сондай жұмыстар жүріп жатқанда ғана білеміз. Нақты әлі газдың қашан келетіні және қашан жағатынымыз, ол белгісіз.
Ескі Иқан ауылына табиғи газ кіргізуге 1 млрд. теңге жұмсалған. Есіл ақша желге ұшты. Енді құбыр, қондырғылары босқа ескіріп жатыр деп халықтың іші удай ашиды. Бұл ауылда ауыз су да өзекті. Су жоқ емес. Бірақ жиырма мыңдай халық тұратын ауылда тіршілік нәрі үш-ақ жерде ағып тұр. Оның өзінде күніне 3-ак сағат.
Тұрғындар судың сапасы мәз емес дейді. Ал он жыл бұрын тартылған құбырлардан су шықпаған. Енді шіріп жатыр.
Саид РУСТАМХАНОВ, ЕСКІ ИҚАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Осы ауыз сулар жүргізіліп, осы жолдың бойынан қазылып, барлық қазба жұмыстар жүргізіліп, құбырлар тасталып, барлығы оны халықтың өзі көрген көзімен. Ал бірақ көзімен көргенмен осы күнде ол құбырлардың біреуі жұмыс жасамайды. Енді құдық қаздыру мәселесіне келетін болсақ, мемлекет мына қарапайым халыққа жекешеге ауыз су шығаруға, құдық қаздыруға рұқсат жоқ. Өйткені ол кемінде 500 метрден шығатын ауыз су.
Ал ауыл атқамінері судың сағатпен ғана берілуін өткен ғасырдың сексенінші жылдары қазылған ұңғыма суын жеткізу үшін осылай үнемдейтіндерін айтады. 800 млн теңге жұмсалған жұмыс нәтиже бермеген.
Әбдісаттар РАСУЛОВ, ЕСКІ ИҚАН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Ауылдық округтен 520 метр тереңдікте екі ұңғыма қазылған. Одан шыққан су ішуге жарамсыз деп қорытынды бергеннен кейін судың дебиті жетпей қалды. Су шықпай қалды құдықтан. Енді ауылды толық ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігінің бастамасымен мына біздің жоғарғы бетте Қаратауға Иқан қытай деген бір не бар точка сол жақтан ауыз су көзі табылып, бүгінгі таңда жобалық сметалық құжаттар істеліп, экспертизаға берілді.
Ал газға жауаптылардың айтуынша, 2018 жылы құбыр тартқан мердігер қазына қаржысын игергенімен кемшіліктерді толық ретке келтірмей отыр.
Нұржан ТҮЙМЕБАЕВ, «ҚАЗТРАНСГАЗАЙМАҚ» АҚ ТҮРКІСТАН ӨНДІРІСТІК ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Кемшіліктер құжат жағынан қарайтын болсақ, атқарушы техникалық құжатының 23 пунктінің 17 пункті жетіспейді. Және де техникалық жағынан қысымдау жұмыстары жасалмаған. Енді қысымдау жұмыстары жасалмағаннан кейін ол жерге газ жіберу мүмкін емес.
Облыстық энергетика және тұрғын үй шаруашылық басқармасының басшысы ұңғымаларды жаңарту жұмыстарына қайта қаржы бөлінетінін жеткізді. Сөзіне сенсек, көпшілік сарыла күткен бұл жұмыстар биыл басталады.
А. Төребекқызы