Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі жандарды өмірге бейімдеу баспаналары ашылды

  • AstanaTV
  • 13 ақпан 2023
  • 1327

Ақтөбеде 18 пен 35 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған өмірге бейімдеу баспаналары ашылды. Бұл пилоттық жоба ауыл жастарының қалаға келіп дамып, жетілуіне негізделген. Сондай-ақ, ерекше жастар оқып, жұмыс істеп, өз бетінше өмір сүруге дағдыланады.

Нұрлыбек Сейілханов 27 жаста. Шұбарқұдық ауылынан келген жас жігіт бірнеше жыл бұрын өндірісте жарақат алған, қазір балдақпен жүреді. Ол ауылда өз үйінде жүрсе де, қоғамнан оқшауланып, өмірден құр қалғандай күн кешкен. Ал осы бейімдеу пәтерлері туралы естігенде алғашқылардың бірі болып, қалаға келіпті.

Нұрлыбек СЕЙІЛХАНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Көп ауылда адамдар жатыр ғой. Қазір бір сөзбен айтсақ қарайып қалды. Олар білмейді мұндай мүмкіндік бар екенін. Ал мұнда келсе, мүмкіндігі шектеулі жандармен араласса, сөйлессе, өзің орта табады, ашылады. Жұмыс тауып кетсе тіпті жақсы ортаға еніп кетуге мүмкіндік береді.

Әзірге қалада осындай екі пәтер бар. Олардың біреуі қыздарға, екіншісі жігіттерге арналған. Пәтердің әрқайсысында төрт адамнан тұрып жатыр. Ауылдан келген жастар үшін барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ олар әлеуметтік қызметкер мен психолог мамандардың көмегіне жүгіне алады.

Құралай БАЙМЕНОВА, ҚАЛАЛЫҚ САЛ АУРУЫНА ШАЛДЫҚҚАНДАР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:

Мүмкіндігі шектеулі жанды үйінен шығарып, қоғамға араластыру өте маңызды. Қазір жастарға мүмкіндік көп, оқу орындары, дамуға арналған курстар, бірақ ауылда тұратын жастардың қолы қысқа. Олардың қалаға келіп пәтер жалдайтын мүмкіндігі жоқ.

Бұл жоба БҰҰ Қазақстанды дамыту бағдарламасының гранты бойынша жүзеге асып отыр. Әзірге ол жобаға Ақтөбе және Тараз қаласы қатысқан. Грант тек бір жылға негізделген.

Б. Рахметова