Русский Сайттың толық нұсқасы

Отандық 30-дан астам кәсіпорын Түркіменстанға өнімдерін эспорттауға ниетті

  • AstanaTV
  • 31 тамыз 2016
  • 3088

Қазақстандық автокөліктер Түркіменстан нарығында сұранысқа ие болуы мүмкін. Сол елдегі қазақ елшісі Орман Нұрбаев кәсіпкерлер осы нарыққа мән беру керек деп отыр. Ал жақында Қазақстан-Түркіменстан құны 77 миллион долларды құрайтын келісімшарттарға қол қойды. Енді Ашхабадтың зәулім ғимараттарында Қазақстанда өндірілген лифттер мен эскалаторлар жұмыс істей бастамақ. Ал жергілікті құтылар «Made in KZ» жазбасымен сатылады. Отандық өндірушілер экпорттық нарық іздеу мақсатында «KAZNEX INVEST» ұлттық агенттігінің қолдауымен Ашхабадта болды. Тілші тарқатады.

Ашхабаттың жаңа бөлігіндегі ғимараттар көз қызықтырады. Соңғы құрылыс талаптарымен салынған. Сәйкесінше, пәтерлердің де құны қымбат. Халықтың қалтасы көтермегендіктен, көбі қаңырап бос тұр. Десе де, мемлекет бұл бағыттың шығынын үнемдеуге ниетті емес. Керісінше, қаржы құймақ. Сондықтан қазақстандық кәсіпкер өз өнімін саудалауды жоспарлап отыр. Лифт, эскалатор өндірумен айналысатын фирма көрші елден тиімді нарық табатынына сенімді.

Нариман Асқарұлы, «SKY EXPRESS ELEVATOR KZ» ЖШС директоры:

Бізде заманауи көтергіш құрылысына қажеттіліктердің бәрі бар. Яғни қауіпсіздіктің барлық деңгейі қарастырылған. Көтергіш механизмі де, есік механизмі де талапқа жауап береді. Лифттің қозғалуы мен тоқтауы бірқалыпты. Есіктері дыбыссыз ашылып-жабылады. Тапсырушының сұранысына қарай, кепілдігі 1 жылдан 3 жылға дейін.

Орта Азия елдеріндегі жалғыз синтетикалық каучукті оқшаулағыш кәсіпорынның өнімі Түркімен нарығына үш жыл бұрын келген. Компания басшысының сөзінше, жабық саясатты ұстанатын елде жұмыс істеудің өзіндік жеңілдіктері бар.

Мәулен Сәрсенов, «IT&M» ЖШС бас директоры:

Бұл жағдай серіктестер арасында туындайтын мәселелерді шешіп қана қоймайды. Сауда-саттық миссиясы мемлекеттік деңгейде стратегиялық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Яғни министрліктермен тікелей байланыс бар. Көп кезекте ол жаққа бизнестің айтқандары жете қоймайды.

Қазақстан көршілес елге жарма, ұн өнімдерін, балалар тағамы мен басқа да азық-түлік экспорттайды. Сондай-ақ, темекі, пайдалы қазбалар мен металл өнімдерін саудалайды. Ашхабад дүкендерінде «made in KZ» жазбасы бар тағамдар самсап тұр.

Ал Түркіменстаннан Қазақ елі көгілдір отын, мұнай өнімдері мен металлдан жасалған заттарды сатып алады. Былтыр қос мемлекет арасындағы тауар айналым 62 пайызға төмендеген. Ұлттық экономика министрлігінің ақпарынша, 2016 жылдың 6 айындағы тауар айналым 71 млн АҚШ долларын құраған. Қазақстан 42 млн АҚШ ақшасының өнімін экспорттаса, импорт көрсеткіші 23 млн доллар. 

Асқар Арынов, «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестиция жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ басқарушы директоры:

Неліктен Түркіменстан дейсіз бе? Өйткені 30-ға жуық қазақстандық кәсіпорын бұл елге өз өнімін экспорттауға ниет білдірді. Бұған мұндағы нарықтың жабық болуы себеп. Мемлекеттік даму институттарының қолдау көрсетуі біздер үшін Түркіменстанға шығу мүмкіндігін еселеді. Ал бұған дейін визалық кесте, сатып алушыны іздеу сынды мәселелер қазақстандық тауардың Түркімен нарығына шығуына кедергі болып еді.

Ашхабадтағы сауда-саттық миссиясы төртінші рет өткізіліп отыр. Онда құны 77 млн долларлық келісімшарттарға қол қойылды.   

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ