Бүгін
Жамбыл облысында Меркі ауданы Интернационал ауылында да жаңа мектеп есігін
айқара ашты. Оған Социалистік еңбек ері Аманжол Тұрғымбаев аты берілді. Білім
күнінде сыңғырлай соққан қоңырау үнімен қатар, су жаңа оқу ордасының ашылуы
меркеліктерге мереке сыйлады.
Бұл Социалистік еңбек ері Аманжол Тұрғымбаевтың құрметіне қойылған еңселі
есткерткіш. Еліміздің зиялы қауым өкілдері мен аймақ атқамінерлері ашып беріп,
Тұрғымбаевтың тұлғалық қасиеттеріне тоқталды. Ол - Бауыржан Момышұлымен бірге
майдан даласына аттанған. Сұрапыл соғысты көріп келіп, туған жерін түлетуге
барын салған. Осылайша, ауылының ажарын ашу үшін көл-көсір күш жұмсаған
азаматтың аты ауыл мектебіне берілді.
Қазихан
Жұманәлі, Жамбыл облысының тұрғыны:
Мен
талай басшыны көрдім, бірақ ол кісідей мәрт, ол кісідей адал, қазаққа деген
шын жүрегімен жаны ашитынды мен көрген
жоқпын. Сондықтан да ол кісіге батырлық берген екен. Еңбекте де батырлық болу
керек. Тұрмыста да батырлық болу керек,
адамшылықта да батырлық қасиет болу керек. Осындай батыр болған ағамыз біздің.
Еңбек
ерінің есімін еншілеген мектеп құрылысы бір жыл бұрын аяқталған. 300 орындық
ағарту ошағының сыртқы сәулеті де заманауи. Оған «Нұрлы жол» бағдарламасымен
840 млн теңге бөлінген. Осындай оқу ошағына қадам басқан оқушылардың да
шаттығында шек жоқ.
Әсел
Сұлтанова, №7 Аманжол Тұрғымбаев атындағы мектеп
оқушысы:
Осы
Аманжол Тұрғымбаев атамыздың атындағы мектеп өте мықты, осы Меркідегі ең мықты
мектеп болады. Осындай жаңа мектепте оқитынымызға өте қуаныштымыз.
Мұғалімдерді, ата-аналарды, бәрін
құттықтаймын!
Айдын
Тұрғымбаев, Социалистік еңбек ері А.Тұрғымбаевтың немересі:
Бүгін
біз үшін ерекше күн! Атамыз осы ауылды өзі тұрғызған. Мәскеуден келе салысымен
колхоз құрып, тіршілігін түзеген. Сондықтан, ауыл халқының өзі атын беруді
сұрап, Астанаға петиция жолдаған
болатын. Оны ономастикалық комиссия мақұлдады. Міне, бүгін соның нәтижесі
болып, №7 мектепке есімі беріліп отыр.
Ал ашылу салтанатының соңы еліміздің эстрада жұлдыздарының қатысумен өткен сазды
бағдарламамен сабақталды.
Данияр ӘЛІМҚҰЛ