Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облысында сібір жарасына байланысты карантин жарияланды

  • AstanaTV
  • 01 қыркүйек 2016
  • 3086

Қарағанды облысында күйдіргі ауруы қайта шығуына байлынысты карантин жарияланды. Ақтоғай ауданы мен Балқаш қаласынан төрт түлікпен бірге, малдың еті мен сүт өнімдерін шығаруға қатаң тыйым салынған. Жағдайды арнайы орнатылған полиция бекеттері бақылауда.

Қарағанды облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің мәліметінше, қазір бұл елді мекендерде зарарсыздандыру шаралары жүріп жатыр. Жедел отряд аулаларды тексеріп жатыр. Сібір жарасы анықталған қауіпті ошақ қоршауға алынған. Науқастардың екеуі облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында, ал үшіншісі Балқаш ауруханасында ем алып жатыр. Сондай-ақ, олармен қарым-қатынаста болған 188 адам дәрігерлердің қадағалауында.

Еркін Бейсембаев, Қарағанды облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті директорының орынбасары:

Бүгінгі күні 3 адам осы ауруға байланысты қауіпті деп саналып отыр. Бірақ бір адам зертхана бойынша анықталып отыр. Әрине, осы анықталған адамға ем қолданылып жатыр. Енді карантин бойынша жаңағы мал сойылған жерлердің барлығында санитарлық эпидемиологиялық жұмыстар атқарылуда.

Еске салсақ, тамыздың 16-сы күні Ақтоғай ауданы Үшарал қыстағында тұратын ерлі-зайыптылар, кейін олардың Балқаштағы баласы ауруханаға түскен болатын. Кейін мал қожайынының ауру бұқасын рұқсатсыз сойып, етін сатып жібергені анықталды. Мамандар сатудан қалған 70 келідей етті тәркілеп, жойған. Қалған өнімді кімдердің сатып алғаны әлі де белгісіз. Қарағанды облысында күйдіргі дерті бұдан екі ай бұрын Шет ауданына қарасты Еркіндік ауылынан шыққан еді. Қауіпті дерттен екі адам көз жұмды.

Айжан ҚУАШ