Русский Сайттың толық нұсқасы

Студент қызды өлтірген таксист 16 жылға сотталады

  • AstanaTV
  • 01 қыркүйек 2016
  • 2530

Оңтүстік Қазақстан облысында студент қызды азаптап өлтірген таксист 16 жылға сотталды. 26 жастағы Әлішер Арғымбаев жазасын қатаң режимдегі түзеу колониясында өтейтін болады. Оған кісі өлтіргені және оның ұялы телефоны мен ақшасын жымқырғаны үшін осынша мерзім кесіліп отыр. Сотталушы сонымен қоса жәбірленушінің отбасына 3 млн теңге моральдық шығын төлеуге міндеттелді. Бірақ марқұмның ата-анасы, 16 жыл тым аз, дейді. Олар, таксист 25 жыл арқалауы тиіс еді, деп санайды. Алайда айыпталушының өзі тергеу кезінде берген жауаптарынан тайқып, сотта қылмысын мойындамапты. Айтуынша, айғақ ретінде табылған қыздың телефонын оған үш жолаушы жігіт жолақысы ретінде қалдырған. Сотталушының туыстары апелляциялық шағым түсіруге бел буып отыр. Бірақ соттың бірнеше дәлелі бар.

Дәурен Мадалиев, ОҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

Сотталған тұлға кейін ұсталғаннан кейін Опел вектра маркілі автокөлік толық зерттелген. Қарау барысында қан дақтары анықталды автокөліктің ішінде. Сол биологиялық қорытындысына сай бұл қан дақтары жәбірленушіге тиесілі екенін анықталды.

Еске салайық, 18 жастағы Әйгерім Оспанбекова 10 мамыр күні Сарыағаштан Шымкентке оқуына келе жатқан жолда хабарсыз кеткен болатын. Оның денесі  тек екі аптадан соң Сарыағаш ауданындағы Бағыс ауылы маңына көмілген жерінен табылды. Сот-сараптамалық тексеру кезінде оның кеуде тұсынан 8 рет бұрағышпен жасалған соққыдан көз жұмғаны белгілі болды.  

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ