Русский Сайттың толық нұсқасы

Петропавлда жүкті әйел мен құрсақтағы баласын аман алып қалу үшін 4 сағат ота жасалды

  • AstanaTV
  • 21 ақпан 2023
  • 1479

Петропавлда перинаталдық орталық дәрігерлері жүктілік барысында дерт асқынған әйелге төрт сағат ота жасап, өзін де, құрсақтағы баласын да аман алып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Солтүстік Қазақстан облыстық көпбейінді аурухана перинаталдық орталығының мәліметінше, жүкті келіншектің эпигастрия аумағы, яғни кіндік тұсының жоғары жағы бұрап ауырып, дәрігерлерге жүгінген.

Қымбат уақытты өткізіп алмау үшін мамандар бірден ота жасауға шешім шығарады.

«Көп жағдайда жүкті әйелдерде ауру белгілері анық байқалмайды. Сондықтан жедел ота жасалмаса науқас өліп кетуі мүмкін. Сол себепті жүктілігі 27 апта болатын келіншекті кесарь тілігі арқылы босандырып алып, операция жасауға шешім қабылданды. Науқаста соқырішек болған, ол асқынып кеткен», - дейді мамандар.

Дәрігерлер 4 сағат бойы ота жасап, әйел мен оның сәбиін аман алып қалуға тырысты.

Нәтижесінде 1200 гр шақалақ өмірге келіп, жедел түрде жаңа туған сәбилер реанимациясына жатқызылды.

Мамандардың айтуынша, кесарь тілігінен басқа аппендэктомия, яғни соқырішекті алып тастау отасы жасалып, іш құрылысы жуылды.

Күрделі ота болғанына қарамастан, әйелдің өмірге бала әкелу мүшелеріне зақым келген жоқ.

Қазіргі уақытта әйелдің өміріне келер қауіп жоқ, жағдайы жақсы, босанғаннан кейінгі бөлімнен шығарылып, сәбиінің қасына, жаңа туған балалар патологиясы бөліміне ауыстырылды.

Бұл - оның екінші баласы екен.