Қарағандылық құтқарушы Сергей Тарынин Түркиядағы тұрғын үй қирандысынының астына еңбектеп кіріп, 24 жастағы қыз бен оның анасын аман алып шыққан. Өз міндеттерін абыроймен атқарған құтқарушылар ондағы әрбір сәттің есте қалатынын айтады. Баласын іздеп шарқ ұрған ана, туысын таппай жүрген тұрғын, жақынын жоғалтқан жан көп. Тіпті мәйітін тапса да бізге ризашылық білдірді дейді. Елге оралған құтқарушылармен тілшіміз Айжан Қуаш кездесті.
Бұл кадрлар Түркияның Нурдағы қаласында түсірілген. 6 қабатты үй қирандыға айналған. Қарағандылық құтқарушылар зілзаладан кейін 93 сағат өткенде дәл осы жерден 24 жастағы қыз бен оның анасын аман алып шықты. Үйіндінің астына еңбектеп кіріп құтқарылғандардың қуанышты жүзін алғаш көрген Сергей Тарынин ол сәттің ерекше әсерлі болғанын айтады.
Сергей ТАРЫНИН, ҚҰТҚАРУШЫ:
Олардың жүздерінен ерекше қуаныш байқадым. Қашан бізді құтқарады, қашан табады деп күткендері анық. Жалаңаяқ, үйдің ең астында қалған. Бірақ еш жарақаттанбапты. Түрікше «Су, су» деді, қазақ тіліне ұқсас болғандықтан су сұрап тұрғандарын түсініп, шыққан соң ішесіздер дедім. Сыртқа хабар беріп аяқ киім алып, аршылған тунельмен еңбектеп жол көрсеттім.
Бұдан кейін құтқарушылар тағы бір мүгедек адамды алып шыққан. Мамандар қирандыны қолмен де инженерлік техникалық аспаптармен де аршыған. Иттер де көмектескен. Өкінішке қарай, 88 адамның тек мәйітін тапқан. Оның 10-ы – бала.
Айдар ШОРМАНОВ, ҚҰТҚАРУШЫ:
Қуанышты тірі адамдар тапқаннан кейін, мәйіттер тапқаннан кейін ол қуанышты емес. Бұл сезімді айта алмаймын. Қорқыныш та, жылауға да болатын сезім, бізден қайтпаса Алладан қайтсын, сіздерге көп- көп Рақмет деді, бізге переводчиктар солай жеткізді.
Досымжан БОҚАЕВ, ҚҰТҚАРУШЫ:
Әсіресе балаларды алып шыққан кезде түрік еліндегілер жылап неткен кезде қатты көңіліме алдым. Жас балалар зілзаланың ішінде астында қалып қойған.
Жақындарынан айырылған жандарға апаттар медицинасы орталығының мамандары емдік және психологиялық көмек көрсеткен. Төрт баланың анасы дәрігер Алмагүл Алдабекова баласының денесін іздеп, шарқ ұрған ана жайлы айтып берді.
Алмагүл АЛДАБЕКОВА, ОБЛЫСТЫҚ АПАТТАР МЕДИЦИНАСЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДӘРІГЕРІ:
Қиын жағдайда болды, олар күтті, үміт болды. Баласы өкінішке қарай тірі болмай шықты. Бірақ анасы оған да риза болды, біздің құтқарушыларға табылғаны үшін.
Түркиядағы зілзаладан қаза тапқандар саны бүгінде 50 мыңнан асты. Іздеу-құтқару шаралары әлі жүріп жатыр.