Қазақстандық фермерлер 1 ақпаннан бастап gosagro.kz порталында жалпы сомасы 17,1 млрд теңгеге субсидия алуға 3067 өтінім берді. 134,6 млн теңгеге өтінім мақұлданып, оның 20 млн теңгесі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге төленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Еске сала кетейік, жүйеде «күту парағы» тетігі іске қосылған, онда бюджеттің болуына қарамастан реттік нөмір беріліп, мақұлданған өтінімдер келіп түседі. Осылайша, бюджет фермер тарапынан қосымша іс-әрекетсіз тек «күту парағындағы» өтінімдер бойынша автоматты түрде бөлінеді. Бұл тәсіл қаражатты бөлудің ашықтығын қамтамасыз етеді және субсидияларды төлеу кезінде адами факторды болдырмайды.
«Сонымен қатар, өңірлік әкімдіктердің фермерлердің алдында 2022 жылы резервке қойылған 4025 өтінім бойынша айтарлықтай берешегі бар. Деректер qoldau жүйесінен Ауыл шаруашылығы басқармаларының жеке кабинеттеріне көшірілді. Осылайша, инвестициялық субсидиялау және өнімді қайта өңдеу бағыты бойынша жергілікті әкімдіктер өткен жылғы қарыздарды өтегеннен кейін ғана жаңа өтінімдерді төлеуге көше алады. СБМАЖ-де деректер төлемдерін қалыптастыру бойынша функционал іске асырылды. Облыс әкімдіктеріне тиісті түсініктемелер жолданды», - деп жазды салалық министрліктен.
Айта кетейік, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бойынша жүйеде 250-ден астам қаржы институты тіркелген, олар Ауыл шаруашылығы басқармаларына 1,8 млрд теңге сомасына өтінім берді.