Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде 21 бала өсіріп отырған өнерлі отбасы бар

Ақтөбеде 21 баласы бар отбасы бар. Жетесовтер әулетіндегілердің бәрі шетінен өнерлі. Ән айтады, жетіген, қобыз, домбыра түрлі ұлттық аспаптарда ойнайды. Балаларды өнерге, музыкаға баулыған ата-ана отбасылық «Шашу» халықтық ансамблін құрған. Берекелі шаңырақта тілшіміз Бақыт Рахметова болды.

Өмірхан мен Амангүлдің өзінің үш баласы бар. Жастайынан жетімдік көрген олар кейін балалар үйінен 18 сәбиді бауырына басыпты.

Амангүл ЕШПАНОВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:

Ол балаға мейірім қажет. Тамақ, киім, жылы үй бәрі ол үкіметте де бар. Сондықтан ерекше мейірім мен махабатта болсаңыз, сол балаларды бауырға басып шын сүйіп шын көңілмен жақсы көрсеңіз. Ол бала ата-ана мейірімін көрген кейін ыстық ықылас, құшағын көргеннен кейін ешқашанда бөтен болмайды. Ол өзіңнің балаң болады.

Қазір балалардың үлкені - 25 жаста, кішкентайлары - 9,10 жаста. Отбасында бес баланың ұлты орыс болғанымен, жаны - қазақ. Жеткеншектердің барлығы ұлттық аспапта еркін ойнап, дәстүрлі ән, терме айтады. Фольклорлық жыр-дастандарды жатқа біледі.

Темірхан ЖЕТЕСОВ, ҰЛЫ:

Мен өзім домбыраны қаладым. Ойнайтын аспабым - домбыра. Наурызбек атамыздың, Әбубәкір Кердері атамыздың термелерін білемін. Едіге дастанды жаттап жатырмын.

Алтынай ЖЕТЕСОВА, ҚЫЗЫ:

Мені бірінші прима қобызға берді. Және прима қобыздың күшті үні, дауысы ұнады. Прима қобыз ойнағанда мен көптеген әсер аламын. Өте жақсы күйде боламын.

Жұдырықтай жүрегіне 21 баланы сыйғызып, оларға мейірім мен махаббат беріп, өнерге баулып, әрқайсысының тұлға болып қалыптасуына үлес қосып жүрген Жетесовтер әр баланың орны бөлек екенін айтады.

Амангүл ЕШПАНОВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:

Ең бірінші ойымыз - сол балаларды музыкалық, арнайы мектептерде оқытып, сосын олардан бір ансамбль құрып, елдімекенді, жер-жерді аралап, өз табысымды өзіміз тауып жүру. Өзімізге өзіміз еңбек ету деген сияқты ойластырдық. Айтып айтып келе, сол арманымыз орындалды.

Олардың отбасылық ансамблі республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып жүр. Тіпті әлемнің 96 елі ұлттық өнерді насихаттайтын ансамбльді қонаққа шақырған. Алдағы жазда Жетесовтер шет елдерді араламақ.