Русский Сайттың толық нұсқасы

«Менің аманатымды Түркиядағы бауырларыма міндетті түрде жеткізіңіздер», - Көркем

  • AstanaTV
  • 01 наурыз 2023
  • 1041

Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге Қазақстан 9 миллион доллар көлемінде қаржылай көмек көрсетті. Соның ішінде 1-сынып оқушысы Көркемнің де үлесі бар. Ол өзі жинап жүрген қаржысын, елшілікке әкеп өткізген. Тілшіміз Сүндет Оралбеков жұдырықтай жүрегімен бауырлас елге көмектессем деген Көркемді іздеп тапты, отбасымен танысып келді.

Шынашақтай қыздың игілікті ісі көпшіліктің жүрегін елжіретті. Үйінді астынан шыққан кішкентай бүлдіршіндерді көрген Көркем өзіне жиғанын соларға көмек ретінде беруді жөн көрген.

Көркем ЖҰМАБЕК, 1-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:

Ол жақта балалар тоңып жатыр. Маған папам тоңып жатыр деп айтты. Видеоларын көрсетті. Сол кезде ақшаны беру керек екенін түсіндім.

Ал ата-анасы оның бұл әрекетін бірден құптаған.

Айгүл ӘБДІРАЗАҚОВА, КӨРКЕМНІҢ АНАСЫ:

Әрине, біз бірден келістік. Өйткені, қайырымдылықты біз өзіміз жиі жасап тұрамыз. Біздің Көркемнің тарыдай ғана, кішкене көмегін Түркия елшілігі көкке көтеріп, ілтипат көрсетіп жатыр бізге.

Сүндет ОРАЛБЕКОВ, ТІЛШІ:

Түрік бауырлардың басына іс түскенде қолдау көрсету үшін елшілікке ағылғандар көп болды. Оны өз көзімізбен көрдік. Ал солардың ішінде Көркемнің әрекеті тіпті елжіретті. Біз сіздерге келер алдында елшілікке де бардық. Олар біздің жомарт бүлдіршінге сәлем жолдап, алғыс жаудырды.

Махмут ШЕВКЕТ, ТҮРКИЯ ЕЛШІСІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:

7 жасар Көркем қызымыздың келіп, жинап жүрген ақшасын «Менің аманатымды Түркиядағы бауырларыма міндетті түрде жеткізіңіздер» деп табыстағаны біздің көңілімізді босатты. Осы орайда, Көркемге, оны осындай маңызды адами құндылықтармен тәрбиелеп жатқан ата-анасына алғысымызды білдіреміз.

Бұған дейін Түркия елшілігі Көркемнің үйіне қонақ болып барған. Батыр қызымыз бауырлас халыққа өзі салған суретті тарту етті. Оның мазмұны терең. «Бұл туынды екі мемлекет болсақ та, бір халық екенімізді тағы да дәлелдеді» дейді Махмут Шевкет.

Махмут ШЕВКЕТ, ТҮРКИЯ ЕЛШІСІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:

Көркем қызымыз бізге тамаша сыйлық жасады. Бұл суретке қарап, біздің жүрегіміз бір екенін, болашағымыздың зор екенін аңғаруға болады.

Қиындыққа тап болған Түркия жұртына қазақстандықтар ерекше қолдау көрсетті. Қазақ жерін ата жұрт деп бағалайтын түрік бауырларға бұл үлкен демеу болды.

С. Оралбеков