Русский Сайттың толық нұсқасы

Созылмалы дертке шалдыққан қызылордалық жалғызбасты әйел көмекке мұқтаж

  • AstanaTV
  • 06 қыркүйек 2016
  • 5511

Жалғысбасты науқас әйел қайырымды жандардың көмегіне мұқтаж. Қызылордалық Надежда Сергутинаның табанына шыққан жарадан бейнет көргеніне бірнеше жыл болған. Аяғын басудан қалған әйелдің тағдырына алаңдаған құрбылары біздің редакциямызға хабарласты. Әріптесім Шарипа Сақтапова зейнеткердің тіршілігімен танысып қайтқан еді. 

Далаға шығудан қалған әйел пәтерінде еңбектеп жүреді. Табанына шыққан жара жазылмай, ақыры мынандай тесік мерезге айналған. Жанға батқан жарақат алпыс төрт жастағы әйелдің аяқтарына кері әсер беріпті. Жарасына ісік қосылған соң Надежда мүлде жүруден қалған. Ол бізге де есікті әзер ашты.

Надежда Сергутина, Қызылорда қаласының тұрғыны:

Осылай еңбектеп жүремін, басқа амалым жоқ. Сыртқы есікті жаппайын десем -  қорқамын, заман қиын болып кетті. 

Кезінде үлкен кәсіпорында бас есепші болып еңбек еткен қария ешқашан қиындыққа мойымағанын айтады. Салауатты өмір салтын ұстанып, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып келген. Жалғыз ұлы Санкт-Петербургте тұрады. Ол анасын Ресейге шақырыпты, бірақ Надежда туған жерді қимай, қалып қойған. Уақыт өте денсаулығы сыр беріп, аурухана табалдырығын тоздырған науқастың бүгінде үміті үзіле бастапты.

Анастасия Земерова, құрбысы:

Көзіміздің алдында сөніп барады, өте аянышты. Оған көмек керек. Әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен арнайы қарайтын маман бөлінсе, келіп, көмектесіп, ыстық тамағын дайындап берсе. Қасында ешкімі жоқ, көмекке мұқтаж жаңдарға қамқор болып, демеушілік көрсету керек қой. 

Трофикалық жара, жүрек-бүйрек аурулары, тромбофлебит, қаназдық пен ұмытшақтық. Зейнеткердің бір басындағы аурулары. Осы уақытқа дейін құрбылары мен көршілері қолдан келгенше көмектесіп келген. 

Бибігүл Баратова, Қызылорда қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өкілі:

Бұл кісі алтыншы емханада есепте тұрған. Сол емхананың әлеуметтік қызметкерлері қызмет көрсетіп келген осы таңға дейін. Бізге бұл кісіден ешқандай арыз-өтініш түспеген. Енді мүгедектер мен қарттарға, жалғыз басты кісілерге әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесіне есепке аламыз және де мүгедектерді оңалту орталығына жіберу үшін дәрігерлердің қорытындысын күтіп отырмыз.

Ләззат Елубаева, Қызылорда қалалық № 6 емханасы бас дәрігерінің орынбасары:

Біздің мамандар ауқымды консилиум өткізді. Яғни терапевт, хирург, энодокринологтар науқасты қарап шықты. Әрі қарай емдеу шараларын қарастырдық. Барлық керекті талдамаларын алып, соның нәтижесімен жұмыс істейміз.

Дәрігерлер Надежда Сергутинанын мүгедектік тобын да анықтауға кіріспек. Медициналық көрсеткіштері сәйкес келсе, зейнеткер облыстық мүгедектерді оғалту орталығына орналастырылады.  

Шарипа САҚТАПОВА