Русский Сайттың толық нұсқасы

Таиландта туристер Зика вирусын жұқтырды

  • AstanaTV
  • 06 наурыз 2023
  • 1188

Таиландта демалған мажарлық екі туристі тропикалық маса шағып, Зика вирусын жұқтырған. Бұл туралы Будапешт ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының өкілдері мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, қуанышқа орай, Таиландтан келген туристерден тек жеңіл белгілері анықталған.

"Зикаға қарсы вакцина немесе ем болмағандықтан, тропикалық және субтропикалық аймақтарға сапарлау кезінде вирусты тарататын масалардың шағуынан қорғану өте маңызды", - деді Мажарстанның қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.

Туристерге әрдайым өздерімен бірге жәндіктерге қарсы құралдарды алып жүруге, москит торларын қолдануға, сондай-ақ аяқтарын толығымен жабатын ұзын жеңді футболкалар мен шалбар киюге кеңес берілді.

Медициналық мәліметтерге сәйкес, Зика вирусын жұқтырған кезде оның белгілері бірден байқалмайды және тек кейбір жұқтырғандар 3-14 күндік инкубациялық кезеңнен кейін жеңіл белгілерді көрсетеді. Бұл қызба немесе дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, бас ауруы, бөртпе, буын ауруы, конъюнктивит болуы мүмкін.

"Жүкті әйелдер жұқтырған кезде ұрықта туа біткен жүйке дамуының ауытқуы пайда болуы мүмкін, сондықтан болашақ аналар тропикалық елдерге барған кезде денсаулығын мұқият қадағалап отыруы керек", - дейді мамандар.

Зика вирусы - Африканың, Американың, Азияның және Тынық мұхитының тропикалық және субтропикалық аймақтарында кездесетін қоздырғыш, ол негізінен масалардың шағуы арқылы таралады, бірақ инфекция жыныстық жолмен немесе жүкті анадан ұрыққа да берілуі мүмкін.