Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда 300 орындық мектепте 1200-ге жуық оқушы білім алуға мәжбүр

  • AstanaTV
  • 06 қыркүйек 2016
  • 5499

Атыраудағы Құрсай ауылында 300 орындық мектепте 1200-ге жуық оқушы білім алуға мәжбүр. Үш ауысымға көшіп, әр сабақ 35 минуттан өтіп жатыр. Оған себеп іргедегі ауылда орналасқан мектепте күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Осыған орай Алғабас мектебінің 900-дей оқушысы жақын екі ауылдың мектебіне бөлініпті. Ала жаздай алаңсыз демалған атқамінерлер құрылыстың неге кеш басталғанының себебін тап басып айта алмады.

Автобусқа таласа мінген мына балалар - Алғабас ауылындағы Тауман Амандосов мектебінің оқушылары. Сабақтан соң алғашқы рейске үлгеруге асығады. Әйтпесе бөлінген жалғыз автобустың қайта айналып келуін күтуге тура келеді. Жаңа оқу жылының өзге мектепте басталуы ата-аналардың да уайымын еселеді.

Меруерт Тұралиева, Алғабас ауылының тұрғыны:

Өте қиын болып жатыр, қарағым. Үш жыл сайын төбесін ашып тастайды, ішінде бірдеңе бар дейді, ең болмаса, бастауышты қалдыратын кісі ғой.

Гүлбану Әзмағамбетова, Алғабас ауылының тұрғыны:

Машина болған күнде апарады үйден, машина болмаса, автобуспен барып жүр. Тығылысып барады,- дейді балалар. Қанша дегенмен, көп бала ғой.

Автобустан бөлек мектеп те балаларға тарлық етіп отыр. 300 орындық  білім ошағында 1200-ге жуық оқушы білім алуда. Мектеп басшылығы тығырықтан шығу үшін, оқушыларды 3 ауысымға бөліп, әр пәнді 35 минуттан оқытып отыр.

Тұрғанбай Шығанақов, Ы.Алтынсарин орта мектебінің директоры:

Таңертең сағат 8-де Амандосов мектебі келеді, 11 жарымға шейін солар оқиды, 12-ге шейін біздің бір сменіміз келеді. Олар 3.35-те тарайды, 4-тен бастап 7 жарымға дейін біздің үшінші сменіміз оқиды. Қазір 35 минуттан оқытып жатырмыз.

Бұл жағдайдан қалалық білім бөлімі хабардар. Күрделі жөндеуді келесі жылы жоспарлаған болатынбыз, алайда қаржы биыл бөлінді,- дейді ондағылар. Мемлекеттік сатып алу басқармасына құжат уақытында жібердік, тендердің аяқталған мерзімі - сол,- деп шаң жуытпады.

Алмабек Абдолов, Атырау қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары:

Мемлекеттік сатып алу басқармасына құжаттар мамыр айының соңында беріліп, конкурстың нәтижесі 28 шілдеде аяқталды. Одан кейін келісімшартқа отыру мәселесі 28 тамызда мердігер мекеме АСЕР К компаниямен келісімшартқа отырып, жұмыстар қазірдің өзінде басталып жатыр. Негізі келесі жылға жоспарланған.

Тендерге жауапты басқармадағылар, керісінше, кінә тапсырыс берушінің өзінен деп отыр. Жұмысты балалар жазғы демалысқа шыға салысымен бастау үшін құжатты одан 45 күн бұрын тапсыру керек еді,- дейді.

Алмагүл Баймағамбетова, Атырау облыстық мемлекеттік сату алу басқармасы басшысының м.а.:

Конкурс ең аз дегенде 45 күнге созылады. Егер «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңды ашып қарасаңыз, бәрі жазылған. Сондықтан тапсырыс беруші қай айда бастағысы келсе, бюжет ақшасын уақытылы игеру үшін  дұрыс жоспарлай білу керек.

Алғабастағы мектепте алғашқы қоңырауға 3 күн қалғанда құрылысшылар келіп жұмысты бастап кеткен. Мектептің төбесін ашып, қабырғаларын қырып тастағанымен жұмыс баяу жүруде. Білім бөліміндегілер Амандосов атындағы мектептің оқушылары 2 тоқсаннан бастап өз мектептерінде білімін жалғастырады деп - деп сендіріп отыр. Облыста білім ошағы әлі де жетіспейді. Жаңа оқу жылын 9 мектеп 3 ауысыммен бастады. 

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ