Русский Сайттың толық нұсқасы

Президенттің қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті

  • AstanaTV
  • 09 қыркүйек 2016
  • 2651

Дағдарысқа қарсы бағдарламалардың арқасында соңғы 8 айда жалпы ішкі өнім 0,3 пайызға өскен. Бұл туралы Президенттің қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында белгілі болды. Нұрсұлтан Назарбаев, антикризистік шараларды аяқтайтын кезең жетті, деді. Елбасы енді экономикалық өсімге бағыт алуымыз керек дегенді баса айтты.

"Отставка" арқаны кеңге салуға себеп емес. Кеше ғана қызметінен шеттетілген министрлер кабинеті бүгін толық құрамда Президентке атқарылған жұмыстардың есебін берді. Жиын үйреншікті сарында басталғанымен, кейбір шенділердің орын ауыстыруы көзге ұрып тұрды. Үнемі Мемлекет басшысының сол жағында отыратын Кәрім Мәсімов бүгін орта тұсқа жайғасқан. Ұлттық қауіпсіздікке жауап беретін экс-премьер бұған риза сияқты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Үкіметте өзгеріс болып жатқанын барлығыңыз естіп, көріп жатырсыздар. Оның өзінің логикасы бар. Біріншіден, қауіпсіздік мәселесі жағын күшейту, нығайту дәрежесін көтеру мәселесі бар. Содан кейін Кәрім Мәсімов өзінің келісімі бойынша үлкен қажетті жерде. Қазіргі уақытта өте қажетті болып отырғанын көріп отырсыздар, терроризм де бар, басқа жағы да бар, тәжірибесі бар деп апарып қойдым.

Елбасы үкімет кешікпей қайта жасақталатынын айтты. Ал бүгін ескі кабинеттің жұмысы майшаммен қаралды. Ұлттық экономика министрі "Нұрлы жол" бағдарламасының жүзеге асу жайын баяндаған. Бөлінген 770 миллиард теңгенің 304 миллиарды игерілді дейді. Әсіресе, бағдарламаның логистика, сумен жабдықтау және су бұру жүйесiн жаңғырту  тетіктерінде динамика байқалады. Баспана мен білім мекемелері құрылысында ауыз толтырып айтарлықтай оң нәтижелер бар. Инфрақұрылым тарту назарда. Министр, әсіресе кәсіпкерлік белсенділікті қолдауға көңіл бөлінуде, дейді. Мәселен, биыл мемлекет қазынасы мен зейнетақы қорынан осы мақсатқа  575 миллиард теңге бөлінген. Жыл соңына дейін тағы қаражат тартылмақ.

Қуандық Бишімбаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Жыл соңына дейін Азия даму банкі мен Еуропа инвестициялық банктері сынды бірқатар халықаралық қаржы ұйымдарынан 156 млрд теңге көлемінде несие тарту көзделіп отыр. Бұл қаржы шағын-орта бизнесті дамытуға жұмсалмақ. 

Өткен жылы төл валюта еркін айналымға жіберілді. Биыл да солай болмақ. Ұлттық банк төрағасы бұл дұрыс шешім дейді. Жалпы, Данияр Ақышевтың баяндамасынан белгілі болғаны, ұлттық қаржы реттеуіштің жоспары көп. Соның бірі халықты жиған тергенін валютада емес, алтын құймаларында сақтауға көшіру. Бұл үшін барлық қажетті шараларды қолға аламыз дейді. Бұл да долларсыздандыру саясатының бір нышаны. 

Данияр Ақышев, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы:

Тауар мен қызмет құнын шетел валюталарында емес, төл ақшамызда көрсетуді жалғастыруымыз керек, мәселен, жарнамаларда. Кез келген эквивалентті шетел валютасында көрсетуге тиым салуға тиіспіз. Доллар саясатынан саналы түрде арыла алмай келе жатқанымыздың айғағы - күні кеше олимпиада жеңімпаздарына берілген сыйлықты шетел валютасында көрсеттік, теңгемен белгілеуге болар еді.

Екінші деңгейлі банктерді теңгемен қамтамасыз ету үшін Ұлттық банк ипотекалық несиені секьюритизациялау жүйесін жаңғыртуды ұсынады. 2000-шы жылдардағыдай. Бұл үшін ипотекалық облигациялар шығаратын компания құру қажет, - дейді төраға. Ал ол екінші деңгейлі банктердің құрдымға кетпейтініне кепіл болмақ. Сонда банктер де несие берер еді. Халыққа баспана да қолжетімді бола түсер еді. Баспана демекші, Президент Үкіметке  жаңа "Нұрлы жер" бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Ол жер мен баспанаға қатысты барлық бағдарламаларды тоғыстырады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Потребность населения в жилье остается высокой, мы можем дать этой проблеме совершенно новый импульс. Решение задачи обеспечения жильем населения требует новых комплексных подходов. Сразу хочу сказать, бесплатный сыр только в мышеловке. Люди должны понять - бесплатных денег нет, на квартиру рассчитывать, иметь могут только те, кто работает, зарабатывает и каждый месяц могут платить процентные ставки банку, могут рассчитаться за свою квартиру, в этой связи правительству разработать новую программу «Нұрлы жер». Был «Нұрлы жол» у нас, а теперь  «Нурлы жер».

Президент халыққа жеңілдік ретінде ипотекалық несие үстемақысын екі есеге дейін төмендетуді тапсырды. Тегін үлестірілетін 10 соттық жер тақырыбы да ұмыт қалмады. Президент инфрақұрылым тартылмаған болса, жер берілмейтінін қадап айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Теперь требуют - давайте эти 10 соток. Если их начинать сейчас раздавать просто так, степей много. Идите в степь и начинайте строить. И что из этого будет? Там нет дороги, света, воды и тепла. То есть так нельзя давать. Если будем давать, то надо подвести коммуникации, подготовить землю, вот теперь стройте. Вот вам 10 соток ваших.

Мемлекет басшысы дағдарысқа қарсы бағдарламаларды аяқтап, жаңа міндеттерге кірісетін уақыт келді деді. Осыған орай нақты жұмыс жоспарын ұсынды. Жаңадан жасақталатын үкіметтің атқарар істері ауқымды болары анық. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай кәсіпкерлікті ынталандыру және жұмыспен қамтамасыз ету басты наразға алынбақ. Экономиканы әртараптандырып, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету де күн тәртібінен түспейді.

Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА