Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда Қазақстанның Еңбек Ері Ілия Жақанов дауыс берді

Атырауда Қазақстанның Еңбек Ері Ілия Жақанов дауыс берді. 87 жастағы өнер қайраткері 7-сайлау учаскесіне жұбайы Тыйыш Алтаевамен бірге келді. Ұлттық шапанды иығына жапқан абыз ақсақал ел ертеңінің жарқын болатынына сенемін дейді. Тәуелсіз елдің қызығын келер ұрпақ көрсінші деп тілек білдірді.

Ілия ЖАҚАНОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК ЕРІ, КОМПОЗИТОР:

Еліміз сәулелі, шуақты еркін ел болып,тәуелсіздіктің ырыздығын, ырысын, бақытын көріп, бүгінгі ұрпақ, келер ұрпақ барлығына жайлы қоғам болса екен деген тілектеміз.

Сайлау учаскесіне кіреберісте дауыс берушілерге ыстық бауырсақ пен наурыз көже ұсынылуда. Мұнда 2314 сайлаушы тіркелген. Жұрттың көңілі көтеріңкі. Алматыда да сайлау учаскелерінде қарбалас. Мен Жаңа Қазақстан үшін, болашақ ұрпағымыз мықты, текті болуы үшін дауыс бердім дейді ақын, драматург, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, еңбек сіңірген қайраткер Нұрлан Оразалин.

Нұрлан ОРАЗАЛИН, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

Кез-келген сайлаудың өзінің тарихи сипаты болады. Дәл осы жолғы сайлаудың көп сайлауға қарағанда жөні бөлек, өйткені шынайы мына демократиялық құндылықты бағалайтын болсақ, мүмкіндік мол беріліп жатыр. Қазақстан жұртшылығы бір жұдырықтай жұмылып, осы өзінің конституциялық құқығын, Ата заңда жазылған пайдалану керек қой деп есептеймін.