Русский Сайттың толық нұсқасы

Ішкі туризмді таңдаған отандық саяхатшылар саны артты

  • AstanaTV
  • 13 қыркүйек 2016
  • 3251

Еліміздің көрікті жерлерін тамашалап, қазынаға кіріс келтіреміз деген отандастырымыздың қатары 50 пайызға артты. Мұны туристік қауымдастықтардың өкілдері айтып отыр. Туроператорлар курорттық аймақтарда демалуға ниет білдіргендерден жазғы маусымда айына 5 мыңнан аса өтініш қабылдаған. Әсіресе Алакөл мен Бурабайға сұраныс көп. Десе де туристер жолдың нашарлығы мен ас-су, жатын орын секілді қажеттіліктердің дұрыс қарастырылмағанын айтуда. Ал шетелде демалғысы келетіндер саны 2 есеге азайған.

Нұрсезім - шетелге жиі шығатын саяхатшылардың бірі. 24 жасында Еуропаның біраз елін аралапты. Ондағы туристерге ұсынылатын қызмет түрлері көңілімнен шығады дейді. Керемет саяхат үшін қаражатты да аямайтынын айтты.

Нұрсезім Нұрбазарқызы, қала тұрғыны:

Шетелде «car touch» деген бағдарлама бар. Мысалы, сіз бір қаладан екінші қалаға тегін жүргіңіз келсе,  қолыңызды былай көтересіз де, таксист не жүргізуші сол бағытқа кетіп бара жатса, алып кетуі мүмкін. Яғни бұл деген қызықты. 

Ал отандасымыз Сергей Найверт биыл еліміздің көрікті мекендерін аралауға бел буған. Қазір Шымбұлақ пен Медеудің саф ауасымен тыныстап жүр. Бірақ  саяхатшыларға көрсетілетін қызмет түрлерін әлі де жетілдіре түсу керектігін айтады.

Сергей Найверт, саяхатшы:

Мұндағы табиғат керемет. Бірақ бізде Алакөл, Бурабай мен Қапшағайға барғаннан, Түркияға барып келген жылдамырақ. Көлік инфрақұрылымы мен қызмет түрлері сапасыз. Алайда құны жағынан Еуропадан кем емес. Соған қарамастан, ішкі туризмді дамытуға үлес қосқым келді.

Шетелге шығуды қысқартып, қомақты кірісті ел қазынасына қалдырайық деген отандастарымыздың қатары биыл 50 пайызға артқан. Туроператорлар жазғы маусымда айына 5 мыңға жуық өтініш қабылдапты.

Әсел Нүркебаева, Қазақстан туристік агенттіктер қауымдастығының президенті:

Отандық демалыс орындарына таңдау көп түсіп отыр. Бұл доллар құнының өсуімен байланысты. Мысалы, Түркиядағы 5 жұлдызды қонақ үйіне орналасу үшін туристер 1000 АҚШ ақшасын жұмсайды. Мұны көбінің қалтасы көтере бермейді.

Саяхатшыларға қызмет түрлерін ұсынатындар арасында қазір бәсекелестік туындаған. Отандық қонақ үйлер мен мейрамхана, курорттық шағын үйлер халықаралық талапқа сай қызмет көрсетуге көшкені байқалады.  Саяхатшылар көбіне туристік базалар ұйымдастырған отбасылық демалыстарды таңдайды.

Рашида Шәйкенова, Қазақстан туристік қауымдастығының директоры:

Әрбір тұтынушы үшін күресетін уақыт келді. Өйткені олардың басым бөлігі шетелге шығып, сапалы қызмет түрлерін пайдаланғандар. Егер кәсіпкерлер отандық туризмді дамытуға үлес қосып, қазынаға кіріс келтіреміз деп шешсе, көрсетілетін қызмет шетелден кем болмауы тиіс.

Айгүл Ермахан, тілші:

Бүгінде саяхатшылар демалыс орнын таңдаған да әуелі әр елдегі тұрақтылыққа баса мән береді. Бұл жағдайда таңдау біздің елге де түсіп отыр. Сондықтан еліміздің көрікті жерлерін көруге ағылған саяхатшылардың нөпірін азайтып алмау үшін мемлекет те, коммерциялық құрылымдар да қуатты туристік инфрақұрылымның қалыптасуына қажетті барлық іс-шараны қолға алуы керек дейді,- туризм саласының сарапшылары. Қазір бұл мақсатта Үкіметте ведомствоаралық топ құрылған. Оның негізгі жұмысы - туризм төңірегінде қордаланған мәселелерді шешуге бағытталған.

Айгүл ЕРМАХАН