Русский Сайттың толық нұсқасы

«Баламды өлтіріп тастап, менімен телефонмен түк болмағандай сөйлескен»: Теміртауда өгей әкесі 18 рет пышақтаған 2 жасар бүлдіршіннің анасы мәлімдеме жасады

«Баламды өлтіріп тастап, менімен телефонмен түк болмағандай сөйлесіп отырған». Теміртауда өгей әкесі өлімші етіп ұрып, артынан 18 рет пышақтап өлтірген 2 жасар бүлдіршіннің анасы күйеуімен беттескісі келетінін айтады. Бірақ өз өмірі үшін қорқатынын жасырмайды. Ол арнамызға телефон арқылы берген сұқбатында осылай деді. Өйткені әйел ер азаматтың баланы еш себепсіз неге мұнша азаптағанын түсіне алмай отыр. Айтуынша, күйеуі балалар үйінде тәрбиеленген, бұрынғы әскери қызметкер, жұмыстан шыққанына біраз болған. Бірнеше жыл бұрын баланы өз атына жаздырып әйелмен заңды некеге тұрған. Екеуі тату-тәтті өмір сүріпті. Әйелдің өзі аспаз болып жұмыс істейді. 21-22-інші наурызда Қарағандыға екі күн жұмысқа кеткен. Күйеуі баласын қарап үйінде қалыпты. Одан мұндайды күтпедім дейді.

Надежда, ҚАЗА ТАПҚАН БАЛАНЫҢ АНАСЫ:

Ол маған хабарлама жазып отырған сәтте баламды баяғыда өлтіріп тастапты. Бұл 22 наурыз болатын. Видеоқоңырау шалайын деп едім ұйықтаймыз шаршадық деді, мен 23-і келетінімді айттым. Келгенде ол есікті ашпады, қоңырау шалып ем кілтті подьезге тастап өзі секіріп өлуге кеткенін айтты. Есікті ашып қан жоса болған баламды көрдім. Өлімші етіп сабап, 18 рет пышақтапты. Не себепті баламды осынша азаптады, соны білу үшін беттескім келеді.

Әйелдің айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарында баланың бұдан бұрын да таяқ жегені туралы жалған ақпарат тарап, халық оны жаппай кінәлай бастаған. Алайда бұған дейін өгей әкесі балаға қол тигізбеді дейді. Айтуынша, қазір оған күдіктінің туыстары қоқан-лоқы көрсетіп жатқан көрінеді. Енді ол құқық қорғау органдарынан көмек сұрамақшы. Айта кетейік, 23-наурыз күні Теміртау қаласында пәтерлердің бірінен 2 жасар баланың азапталған денесі табылған болатын. Оқиға орнынан қашып кеткен 24 жастағы өгей әкесі келесі күні ұсталды.

Мақсат ӘШІМОВ, ТЕМІРТАУ ҚПБ БАСТЫҒЫ:

Жас баланы өлтірді деген күдікпен Теміртау қаласының 24 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол жасаған қылмысы туралы мойындау көрсетпелерін берді. Аталған факт бойынша ҚР ҚК 99-бабы, 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.