Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдағы сұлулық салонының қожайыны жауапкершіліктен құтылып кетті

  • AstanaTV
  • 14 қыркүйек 2016
  • 3163

Оралдағы «Звезда Востока» сұлулық салонының қожайыны жауапкершіліктен құтылып кетті. Құрамында қылмыс белгілері болмауына байланысты оның үстінен қозғалған іс жабылған. Бұл туралы Орал қалалық прокуратурасының бөлім бастығы Ершат Қамбетов мәлімдеді. Айтуынша, салонда тиісті жағдай жасалмағанына қарамастан, кәсіпкер медициналық және фармацевтикалық қызметтерді заңсыз іске асырған. Осыны анықтаған тергеушілер оның үстінен қылмыстық кодекстің 306-бабы бойынша бөлек іс қозғады. Бірақ араға уақыт салып, қылмыстық құрамның жоқтығына байланысты іс қысқартылған. Енді мұның қаншалықты заңды екенін прокуратура анықтайтын болады.

Ершат Қамбетов, Орал қалалық прокуратурасының бөлім бастығы:

Заң жүзіндегі негізгі себебі, қылмыстың құрамы болмағандықтан, қысқартылып отыр. Бұл шешім қалалық прокуратурамен бұзылып, қосымша тергеуге жолданған болатын. Қосымша тергеудің қорытындысымен қылмыстық істі қысқарту туралы шешім қабылданып отыр. Қазіргі уақытта бұл шешімнің заңдылығы тексерілуде.

Қайғылы оқиғадан кейін «Звезда Востока» сұлулық салонын тексерген тұтынушылар құқын қорғау басқармасы да бірқатар кемшіліктерді анықтапты. Салон қожайынына 42 мың теңге айыппұл салынған.

Гауһар Дүйсәлиева, Орал қалалық тұтынушылар құқын қорғау басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы:

Егер де ұйғарым орындалмай қалса, барлық материалдар сотқа жіберіліп, соттың шешімімен мынадай жаза қолданылады: яғни бұл нысан жабылуы мүмкін немесе үлкен айыппұлдар салынуы мүмкін.

Айта кетейік, биыл наурызда Оралда сұлулық салонының қызметіне жүгінген жас әйел қайтыс болған еді. Оның өліміне кінәлі деп танылған косметолог Эльвира Абдуллаеваның үш жылға бас бостандығы шектелді. Сот барысында оның бұл іспен Қазақстан аумағында айналысуға арнайы сертификаты мен лицензиясы жоқ екені анықталған.