Русский Сайттың толық нұсқасы

Шатыры жоқ көпқабатты үй тұрғындары жауын астында қалай күнелтерін білмей отыр

  • AstanaTV
  • 15 қыркүйек 2016
  • 6240

Қызылордада шатыры жоқ көп қабатты үй бар. Баспанамыз терможаңғырту бағдарламасы бойынша жөнделеді деген тұрғындардың үміті ақталмай тұр. Ал демеушілер көмегімен ауыстырылған шатыр қатты желде ұшып кеткен. Күздің жаңбыры мен алдағы қыстың ызғарынан қорыққан тұрғындар шенеуніктерден көмек сұрайды. Әріптесім Шарипа Сақтапова шатырсыз үйде күнелткен жандардың базынасын тыңдап қайтты.

Мына ескі үйде 16 отбасы тұрады. Олар әрбір күнін үреймен қарсы алып жр. Қазірдің өзінде жауын жауа қалса, пәтерлеріне су ағады. Сонау 80-ші жылдары асарлату әдісімен салынған ескі баспананың бір күні шаңырағы ортасына түсе ме деп те алаңдаулы.

Антонина Аяпова, Қызылорда қаласының тұрғыны:

Біз целлюлоза-картон заутының жұмысшылары өндірістен қол үзбей жүріп, осы үйді салып шықтық. Құрылысшы болмасақ та, қалай жаса десе, солай тұрғыздық. Кірпіші шіріп, түсіп жатыр, қабырғалары қисық, жарылған. Енді оған шатыр қосылды.

Баспана 17 жылдан бері күрделі жөндеу көрмепті. Тұрғындар жыл басында терможаңғырту бағдарламасы арқылы жөндеу жүргізілетінін естіп қуанған. Бірақ бұл мақсатқа 13 миллион теңге қаржы кететінін білгенде, ол ақшаны жинай алмайтынын айтады. Сондықтан шенеуніктер басқа нұсқасын ұсыныпты. Жеті жыл көлемінде әр отбасы айына 550 теңгеден төлеуге екі тарап та келіскен. Тек құжат жүзінде келісімшарт жасалмапты. Осыған қарамастан, жұмысшылар бір мезетте жертөледегі ескі жылу құбыры мен шатырды бұзады.

Зәбира Әділбаева, Қызылорда қаласының тұрғыны:

Бізге көрсеткен сметасы 17 миллион теңге болып тұрды. Оны біз төлей алмайтын болдық, есептеткен кезімізде 15 мың мен 29 мың теңге арасында болатын болды. Оны біздің ешқандай жағдайымыз көтермейді. Біз оған келіспедік.

Жергілікті билік демеуші тартып, жылу құбыры мен шатырды жаңартып береді. Алайда, салмағы жоқ жұқа қанылтыр көктемде желге шыдамай, ұшып кеткен. Енді ашық қалған шатырды жабу - тұрғындардың ісі, - дейді шенеуніктер.

Ерлан Бердібаев, Қызылорда қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысы:

Қазақстан Республикасының ағымдағы заңы бар Тұрғын үй қатынастары туралы. Оның 50 бабында 1 тармағында 35 бабында айқын көрсетіліп тұр. Көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындарының барлығы барлық шығыстарға түгелдей теңдей үлесін қосуы керек. Ол жекеменшік үйлері. Шатырынан бастап өжіреге дейінгі түгел ақаудың барлығын бірге өздерінің қаражаттаына шешуге тиісті.

Шатырды жөндеуге миллион теңгедей қаражат керек. Ал мұнда зейнеткерлер, көп балалы және тұрмысы төмен отбасылар тұрады. Олардың шатыры жоқ үйде қалай қыстап шығары белгісіз. Айта кетейік, 2011-2015 жылдар аралығында республикалық бюджеттен облысқа үш миллиард теңге бөлінген. Бұл қаржыға 148 көп қабатты үй жөнделді, оның 115-і облыс орталығында орналасқан.

Шарипа САҚТАПОВА