Русский Сайттың толық нұсқасы

Ойын алаңдары техникалық талаптарға сай ма?

Ойын алаңдарында техникалық қауіпсіздік сақталған ба? Қазір балалар алаңқайларына қойылатын талап күшейген. Аумақтың сертификаты, декларациясы, техникалық паспорты болуы керек. Әйтпесе, заң алдында жауап береді. Әріптесім Аружан Задабек тұрғын үй аулаларын аралап, сапасыз салынған аумақтарды көзбен көріп қайтты.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Мұндағы ойын алаңының қаншалықты стандартқа сай екенін тексеру қажет емес секілді. Барлығы тайға таңба басқандай көзге анық көрініп тұр. Көбісінің жағдайы мәз емес, құлауға шақ тұр.

Бұл көпқабатты тұрғын үйдің ауласы алыстан қарасаң, өзгелерден айырмашылығы болмауы мүмкін. Жақындай барып қарап едік, алаңнан бірқатар кемшілік байқадық.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Мына сырғанақ негізі балаларға ойнау үшін салынған. Бірақ мұны жасау кезінде дұрыс есеп алынбаған секілді. Неге дейсіз ғой? Өйткені, мына сырғанақтың іші су мен қоқысқа толып қалған.

Екатерина СТЕПАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Ойын алаңы өте ескі. Тозығы жетті. Кейбір бөлшектері түсіп қалған, құлайын деп түр. Балалардың бір өзін ойнауға жібере алмаймыз. Жанында жетектеп ұстап, қарап отырмасаң құлауы мүмкін, шығып кеткен бөлшектер денесіне кіруі мүмкін. Амал жоқ осы жерде ойнаймыз.

Бұл аумақта үш бірдей тұрғын үй бір-біріне жақын орналасқан. Оның екеуінде ойын алаңдары стандартқа сай. Жан-жағы қоршалған, бөтен адам кіре алмайды. Тіпті, әлгі ескі алаңның бүлдіршіндеріне кіруге рұқсат жоқ. Көршілер «өз алаңдарына барыңдар, құртасыңдар» деп қуып жібереді – дейді.

Мадияр АШЕНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бізге екінші футбол алаңы не үшін керек? Тура біздің тұрғын үйге тиіп тұрған тағы бір ойын алаңы бар. Ол жерде жағдай жасалған. Бірақ ол жер қоршаулы. Сол тұрғын үйдің балалары ғана ойнайды. Біздің балаларды кіргізбейді. Сындырасындар, құртасындар деп айтады екен.

Тұрғындардың қазір бір ғана қалауы бар. Көрші тұрған ойын алаңына баларын кіргізу не өз аумақтарындағы ойын ауласын жаңарту.

Жан ЖАҚСЫБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Үш үйдің арасында заворлар тұр. Енді біздің балаларымыз ана жаққа барып ойнай алмайды. Бізді көріп жатсыздар, есік алдымызда быт-шыт болып жатқанын. Уже төрт жылдай болып қалды мына жерде жөнделмейді да.

Жөндеу көрмеген ойын алаңының кішкентай тұрғындары «көршілердің» есігін сығалайды. Олардағы жаңа әткеншек, сырғанақ пен футбол алаңы бізде де болса ғой деп армандайды.

Мирон, ОҚУШЫ:

Біз футбол алаңының болғанын қалаймыз. Әткеншек, сырғанақтарымыздың жаңа болғанын қалаймыз. Мына жанымыздағы үйдікіндей болса ғой деп армандаймыз. Ол жаққа барып ойнайын десек, бізді кіргізбейді.

Талапқа сай емес алаңқайлардың нақты қашан жөнделері белгісіз. Осы тұста заңды сұрақ туындайды. Ойын алаңдарына қойылатын негізгі шарт қандай?

ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРЛІГІ:

Балалар алаңдарына қойылатын талаптар мемлекеттік нормативте айқындалған. Әр нысанның өзіндік құжаты болуы керек. Онда әткеншектің неден жасалғандығы, қалай құрастырылғандығы – бүкіл ақпарат жазылады. Ойнауға арналған дүниелер берік әрі сапалы материалдан жасалуы тиіс. Егер талапқа сай болмаса айыппұл қарастырылады. Салынған алаңдар үшін тапсырыс берушілер жауап береді.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Мен отырған мына әткеншекті тұрғындар өз қолымен істеп қойғандай көрінеді. Неге дейсіз ғой, өйткені, кәдімгі жіппен тартып қойған. Ұстасаң қолың ойылып кетеді. Қолдың ойылғанын қойшы, мына әткеншектен бала құласа мертігіп, жарақаттануы әбден мүмкін.

Жарақат демекші Астанада әткеншектен құлап ауруханаға түсетін бала көп. Бірінің бас миы шайқалса, енді бірі түрлі дене жарақатын алады.

Олжас ЖҮНІСОВ, ТРАВМАТОЛОГ:

Басқа, мойынға зақып келіп, бастың соғылуына, сотрясения, болмаса бас сүйегінің сынуына, ол өз кезегінде кома, өмір бойы мүгедек болып қалу қауіпі де бар. Тағы да мойын, бел омыртқаларына сынық болса, болмаса жұлын үзілсе, аяқ-қолдың салдануы да мүмкін.

Жазда аулаларды абаттандыру басталады. Қала әкімдігі жаңа ойын алаңдары ашылып, қолданыстағы ескілері жаңартылады - дейді. Тренажерлар, шағын сәулет формалары орнату да жоспарда бар.