Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда мектеп қажеттілігі үшін ата-аналардан ақша жинауды азайту қолға алынған

  • AstanaTV
  • 15 қыркүйек 2016
  • 2812

Қызылжарда мектеп қажеттілігі үшін ата-аналардан ақша жинауды азайту қолға алынған. Бірқатар білім ошақтарында ата-аналар қоғамдық ұйым құрып, мектепке жан-жақты көмек көрсетуде. Қамқоршылық кеңестің бюджеті ата-аналардың салымдарынан құрылған. Абзал Құрманкин бұл ұйымның ұтымды тұстарын саралап көрді.

Гимназия оқушылары жыл сайын республикалық және халықаралық сайыстарда топ жарады. Бұған қоса, білім ордасы Ұлттық біріңғай тестілеуде жинаған ұпай бойынша оқ бойы озық шыққан. Білім мекемесі басшылығының айтуынша, балалар таршылық көрмегеннің арқасында осындай жетістерге жетіп отыр.

Надежда Заиченко, «ВEST» мектеп-гимназиясының директоры:

Қамқоршылық кеңесі бізде 1999 жылы құрылды. Содан бері  керек жарақтың барлығына ата-аналар демеушілік көрсетеді. Балаларға ағылшын, неміс және француз тілдерін оқытамыз. Бірақ бұл тілдерді терең меңгеру үшін қосымша оқулықтар қажет. Мектеп жанында құрылған қоғамдық ұйым оларды шетелден сатып алады.

Алайда бұл ұйымды кейбіреулер қолдамайды. Мектептегі 1036 оқушының 75 пайызының ата-анасы демеуші болуға қарсы емес, өзгелері бас тартыпты. Қамқоршылық кеңес тек санаулы білім ордаларында ғана бар. Көп жағдайда мектептердің мұқтаждығы ата-аналар комитетінің мойнына артылған. Ал қаражат жинау жайы ата-аналарды қажытыпты.

Елдос Жүнісов, ата-ана:

Балам мектепке барады. Осы ата-аналар комитетінен үнемі ақша жинайды. Ол негізі дұрыс емес деп ойлаймын мен. Үнемі анаған керек, мынаған керек деп баладан айтып жібереді. Қаражаттың көбісі баланың соңында кетеді.

Аталған қоғамдық ұйымда ата-аналар ерікті түрде ай сайын жарна ретінде 1500 теңгеден төлеп отырады. Ұйым төрағасы, былтыр 12 миллион теңге жиналғанын айтады. Қаражаттың бір бөлігі кітапхана қорын толықтыруға жұмсалады. Бұдан бөлек, жөндеу жұмыстарына да бөлінген. Ал балалардың оқуға деген ынтасын арттыру үшін сыйақы қарастырылыпты.

Александр Берцович, «Альянс» қоғамдық ұйымының төрағасы:

Егер оқушы республикалық олимпиадада орын алса, 10 мың теңге көлемінде сыйақы тағайындалады. Балалардың басқа қалаларға жасаған сапарын да көтереміз. Айтулы даталарда мерекелер ұйымдастырып, оқушыларға сыйлықтар табыс етеміз. Жұмсалған қаражатқа есеп беріледі.  

Абзал Құрманкин, тілші:

Әзірге бұл еліміздегі заңды тұлға ретінде тіркелген жалғыз қамқоршылық кеңес. Жергілікті билік өкілдері ұйымның тиімді жақтары жетіп артылатына көз жеткізіп, бұл тәжірибені басқа білім ордаларында насихаттай бастапты. Түбінде олар ата-аналар комитетінен толықтай арылып, таза демеушілік жүйеге бет бұрмақ.

Абзал ҚҰРМАНКИН