Елордада үшем дүниеге келді. Нәрестелердің есімдері - Ай-сұлтан, Самира, Сания. Қуанышқа кенелген ата-ана бірден көпбалалы жанұя қатарына қосылды. Мерейі тасыған отбасының бақытты мезетіне тілшіміз куә болды.
Әсел Шонтаеваның қуанышында шек жоқ. Үшемді дүниеге әкеліп, әйел бақытына кенеліп тұр. Сәбилеріне мейіріммен қараған мезетіне куә болдық. Оның он жылдан кейін көтерген құрсағы екен. Үш баласы бар ана бірден көпбалалы жанұялар қатарына қосылды. Нәрестелердің есімін атасы қойыпты.
Әсел ШОНТАЕВА, ҮШЕМНІҢ АНАСЫ:
Көңіл-күйім жақсы, денсаулығымда жақсарды. Мед персоналдарға шексіз рақметім. Балалрымды аман есен дүниеге алып келгеніме өте қуаныштымын.
Сәбилердің салмағы екі килограммнан асады. Бойы – 47-50 сантиметр. Нәрестелер шала туылған. Дәрігерлер ана мен балалардың денсаулығын бақылауда ұстады. Қазір бәрі қалыпты.
Венера ХАСАНОВА, №3 КӨПБЕЙІНДІ ҚАЛАЛЫҚ АУРУХАНАНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:
Босану сәтті өтті, шала туған нәрестелер 35 апта. Олар балалар реанимация бөлімінде 2 күн болды, кейін мейірбике бөліміне ауыстырылды. Бүгін сегізінші күн, олардың жағдайы қанағаттанарлық. Сәбилерді өзі емізеді. Олар бүгін үйлеріне шығарылады.
Үшемнің анасын денсаулық сақтау басқармасы арнайы құттықтады. Сый-сияпатын беріп, ақ жарма тілектерін айтты. Жалпы, Астанада ана мен баланың денсаулығын жақсарту мақсатында қосымша орталықтар бой көтеретін болады.
Тимур МҰРАТОВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Балаларды босануға арналған 3 перинаталдық орталық бар. Енді жалпы қазіргі таңда күш құрамы өсіп келе жатқаны қазір жетіспеушілік болып жатыр. Сондықтан да біздің қала әкімшілігі денсаулық сақтау министрімен бірге биылдан бастап тағы бір перинаталдық мекеме салу құрылысын жоспарлап отыр. Қазір проекті документтері толығымен аяқталды. Және тағы бір перинаталдық өзіміз тұрған 3 перинаталдық орталықтың орнына 200 төсекті орталық жобасы жасалып жатыр.
Бас қалада демографиялық ахуал жақсарып келеді. Соңғы жылдардағы көрсеткіш тіпті жоғары. Жыл басынан бері елордада 7 мыңнан астам сәби дүниеге келген.