Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырау облысындағы дала өрті ауыл тұрғындарының үйіне дейін жетті

  • AstanaTV
  • 05 сәуір 2023
  • 1377

Атырау облысында үш тәуліктен астам уақыт бойы Каспий теңізінің жағалауындағы қамыстың жануын жою жалғасып жатыр.

Атырау облысындағы дала өрті ауыл тұрғындарының үйіне дейін жетті. Өңірде төтеншеліктер 3 күн бойы қызыл жалынмен күресіп жатыр. Осы уақытқа дейін 80 гектардан астам өрт сөндірілді. Қызыл жалын 90 гектар жерге жайылып үлгерген.

«Жергілікті жердің сулы-батпақты болуына байланысты өрт сөндіру техникасы өрт ошағына жете алмағандықтан, сөндіру жұмыстары жаяу тәртіппен хлопушкалардың, аспалы өрт сөндіргіштердің көмегімен жүргізілуде. Жолы бар басқа учаскелерде тиісті өрт сөндіру техникасы жұмылдырылуда», - деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.

Кеше кешкі уақыттан бастап өртті сөндіруге «Қазавиақұтқару» АҚ-ның су ағызу құрылғысы бар МИ-8 тікұшағы шыққан. Әуеден 14 рет су бүркілген.

Барлығы 70-тен астам адам және 20-ға жуық бірлік әртүрлі техника жұмылдырылды.

Ал «Ақ Жайық» басылымының хабарлауынша, қамыстың өртенуінен ауыл шетіндегі 20 шақты отбасы зардап шеккен. Құрсай ауылында қоралар мен бірнеше үй, жылыжайлар да жанып кеткен.

«Менің ауламдағы үлкен жылыжай өртеніп кетті. Ол сапалы, қымбат салынған. Сонымен қатар, біз аулада жинаған құрылыс материалдары, барлық жабдықтары бар пеш жанып кетті. Өрт сөндірушілер келгенге дейін көршілерімізбен бірге су сорғыларымен сөндіруге тырыстық, тек тұрғын үйді сақтап қалдық. Өрт сөндірушілерді бір сағат күттік. Егер олар ертерек келгенде бәрін сақтап қалар едік. Егер өрт түнде шыққанда не болар еді? Ойлау қорқынышты», – деді Курсай ауылының тұрғыны Мөлдір Дүйсекенова.

Перетаска каналының бойындағы аймақ жыл сайын өрттен зардап шегеді, дейді жергілікті тұрғындар. Курсай ауылы ұзақ уақыт бойы қалаға тиесілі болғанына қарамастан, өртті уақтылы жою үшін жағдай жасалмаған. Арнайы техникалар өртенген жерге жете алмайды.

«Жыл сайын біз өрттің үйлерімізге жетуінен қорқып, түтінге тұншығып қаламыз. Осындағы халықтан «үйде құжаттар мен қажетті заттар бар салынған чемодан бар ма?» деп сұрасаңыз «иә» деп жауап береді. Бұлай өмір сүру дұрыс емес. Біз шаршадық. Қатты желмен бірге өрт біздің аулаға жетіп, дүние-мүлкіміз өртеніп кетті. Әкімдік каналдың айналасында қамыс өсіп жатқанын жақсы біледі және бұл әрдайым қауіпті. Қамыс дер кещінде шабылмайды, өрт сөндіру техникасына арналған жол да салынбайды. Біз, осы көшенің тұрғындары, өзімізді билік ұмытып кеткендей сезінеміз. Айта кету керек, мұнда тіпті жарық бағаналары жоқ, балалар ойын алаңдары жоқ. Айналамызда қамыс бар, біз ешкімге керек емеспіз», - деді Курсай ауылының тұрғыны.