Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанайда көзі нашар көретін зағип жан биліктің көмегіне мұқтаж

  • AstanaTV
  • 16 қыркүйек 2016
  • 4143

Қостанай тұрғыны Сергей Фахрисламов жергілікті биліктің қолдауына мұқтаж. 3-ші топтағы мүгедектің үйіне  бірнеше жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Әбден тозығы жеткен баспананың шатыры тесіліп, қабырғасы жарылып кеткен. Биыл мұнда қыстап шығу мүмкін емес - дейді зағип жан. Сергейдің  паналап отырған пәтері қалалық әкімдіктің балансында. Шенеуніктерден көмек сұраған қамкөңіл жан қайырымды азаматтарға да үміт артады.

Заңғар Санай, тілші:

Тұл жетімнің 20 жыл бойы паналап келген пәтерінің сиқы осы. Қабырғасы сөгіліп, кірпіштері опырылыып, іргетасы жарылып жатыр. Баспананы қайта қалпына келтіру үшін, кем дегенде 500 мың теңге көлемінде қаражат керек, - дейді көрші-көлем.

Шаһар шетіндегі шағын баспана жетімдер үйінің түлегі Сергей Фахрисламовқа 1996 жылы жергілікті билік тарапынан берілген. Сол тұста қабырғасы жарылып, кіре берістегі бөлмесі  бұзылып тұрған,  - дейді ол.

Сергей Фахрисламов, 3-ші топтағы  мүгедек:

Мен алған кезде бұл үйдің жағдайы мәз емес еді. Әкімдік өкілдері жөндеп беруге көмектесеміз деген болатын. Бірақ ол уәде орындалмады, ал баспана біртіндеп күйрей бастады. Қыста бұл жерде тұру тіпті қиын.

Сергейге көршілері қолдан келгенше көмек көрсетіп, қол ұшын созып келеді. Маңайдағылардың көбісі  зейнеткерлер. Азын аулақ зейнетақысынан артылған қаржыларына отын-суын алып беріп, жетімді жебеп, қолтығынан демеуге олар қашанда әзір.

Жәмила Сыздықова, көршісі:

Көрші болған соң, аяймыз жетім бала ғой деп. Біреумізі ағаш береміз. Біреуіміз көмір береміз. Шамамыз келгенше көмек көрсетеміз. Енді өзіміз пенсионерміз. Бірақ бөліп-жарып көмек көрсетеміз.

Есенғазы Сүлейменов, көршісі:

Газ плита, холодильник бердім. Диван бердім. Солай көмектесеміз. Үйде не артылса, соны апарып береміз. Даже  орындықтың өзін соған бердік.

Мүгедек жан көмек көрсетулерін сұрап, талай рет әкімдіктің табалдырығын тоздырғанын айтады. Өкінішке орай, Сергейдің шағымына шаһар шенеуніктері тарапынан бірнеше жылдан бері жауап болмаған. Ал, жуырда қала басшысы  жеке қабылдауына шақырып, мәселесін оңтайлы шешуге уәде беріпті.

Самат  Жанділдин, Қостанай қаласы әкімінің бас инспекторы:

Бұл мәсәлені қала басшысы біледі. Айта кету керек, бюджеттен азаматтардың үй-жайларын жөндеуге қаражат қарастырылмаған. Бірақ, дегенмен қыс мезгілі таяп қалғандықтан, осы азамат қиындыққа тап болмас үшін, демеушілік көмек қарастырылып жатыр.

Сергей алдағы уақытта "әкімнің осы уәдесі орындалар" деп үміттенеді. Сондықтан ол баспанасы қайта қалыпқа келіп, жөндеу жүргізілетін күнді тағатсыздана күтіп жүр.

Заңғар САНАЙ