Биыл
Алматыға 1000 жыл. Ел тәуелсіздігінің бесігі, қазақ руханиятының ордасы
саналған шаһардың халқын мерейтойымен мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев
арнайы құттықтады. Келер жылы қысқы универсиада алауы тұтанатын спорт
нысандарын ашып, сапасын бағалады. 12 мың адамды бір мезетте қабылдай алатын
мұз айдыны «Алматы аренаның» алғашқы қонағы болды.
Мұз
қалашығы «Халық арена» келесі жылы 3 мың хоккей сүйер қауымға құшағын айқара
ашуға дайын. Бүгін ел Президенті спорт ғимаратын аралап, қысқы универсиаданың
ресми белгісімен танысты. Орталықта төрешілердің жұмысы мен допингте қатал
қадағаланбақ.
Нұрсұлтан
Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан
спортшылары олимпиадада өздерін көрсетті. Көптеген медаль алдық. Бірақ бұдан да көп жетістіктерді бағындыруға
ұмтылуымыз керек. Онда әділетсіздік бар, бірақ не істей аласың? Өмірдегі
секілді ол салада да ондайлар болады. Біреулер допинг үшін қатардан шығарылса,
өзгелерге рұқсат беріледі. Жалпы, әділетсіздік жайылып барады. Өмірде де солай.
Бірақ күресті тоқтатпау керек.
Ал Орталық Азияда теңдесі жоқ Медеу ауданында салынған, бір мезетте 12 мың адамды
қабылдай алатын мұз айдыны алғашқы көрермендеріне есігін айқара ашты. Алғашқы
мінбесінде Елбасы сөз алып, Алматының тарихына тоқталды.
Нұрсұлтан
Назарбаев, Қазақстан Республикасының
Президенті:
Алматы - Тәуелсіздігіміздің ұшқан ұясы. Біз бабаларымыздың арманын ақиқатқа айналдырып, Тәуелсіздік деклорациясын Алматы төрінде қабылдадық. Тиісті заңға мен Алматыда
қол қойдым. Мемлекеттік рәміздерімізді осында бекіттік. Референдумның
қорытындысы бойынша Ата Заңымызды Алматыда қабылдадық. Осылайша
Тәуелсіздігімізді тұғырлы, елімізді ғұмырлы еттік. Бүгінгі Алматы - Қазақстанымыздың рухани қарашаңырағы.
Алматының
әлі алар асуы алда. Бүгін күннің көрікті мекеніне айналған шаһардың дамуына
атсалысқан зиялы қауымның да, алып мегаполиске арман қуып келген қарапайым
жұртшылықтың пікірі де осындай.
Аягүл
Миразова, Қазақстанның Еңбек ері:
Астанаға
көшкен кездің өзінде Елбасымыз бұл Алматыға еш уақытта тосқауыл болмайтынын, оның
өсетінін айтқан еді. Міне, қазір біз соның куәсі болып отырмыз.
Аида
Сылдырбаева, Алматы қаласының тұрғыны:
Алматының
1000 жылдығы, тағы да 1000 жылдығы
болсын! Осындай тойымыз көп болсын.
Универсиадаға
дайындық халықтың көбірек жұмыспен қамтылуына, қаланың туризмінің дамуына жаңа
серпін бермек. Алматының туристік кластерін дамыту арқылы келешекте 90 мың қала
тұрғыны жұмыспен қамтамасыз етілмек.
Айгүл ЕРМАХАН