Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстандық спортшылар паратаэквандодан өткен Еуропа чемпионатынан олжалы оралды

  • AstanaTV
  • 19 қыркүйек 2016
  • 2625

Мини-футболдан Қазақстан құрамасы Колумбияда өтіп жатқан әлем чемпионатында Соломон аралдарын тас-талқан етіп, плей-офф кезеңіне жолдама алды. Ал «Дэвис кубогын» сарапқа салған теннисте қазақстандық спортшылардың жолы болмады. Дәуренбек Бақдәулет толықтырады.  

Бұған дейінгі ойындарда Қазақстан Аргентинаға 1:0 есебімен есе жіберсе, екінші ойында 3:1 есебімен Коста Рикадан басым түскен еді. Соломон аралдарымен болған текетіресте жерлестеріміз алаңда еркін ойқастап, жауапсыз 10 гол соқты. Енді 1/8 финалда Еуропа чемпионы, «Ғ» тобында көш бастап тұрған Испаниямен кездеспек. Ойын 22 қыркүйекке жоспарланған.  



«Дэвис кубогы» үшін өтіп жатқан сында жерлестеріміздің жолы болмады. 3 жарым сағатқа созылған Кузнецов пен  қазақстандық Недовесов арасындағы ойында ресейлік теннисші мықты екенін дәлелдеді. Михаил Кукушкин қарсыласы Евгений Донскойдан басым түскен еді. Алайда  жұппен өнер көрсетуде Андрей Голубев пен Александр Недовесов Кравчук пен Рублевтан айласын асыра алған жоқ. 6 жыл әлемдік деңгейде өнер көрсеткен қазақстандықтар енді аймақтық деңгей сапына түсіп қалды.

Диас Досқараев, теннистен ҚР ұлттық құрама капитаны:

Өзімізде оңай кездесу болмайтынын білген едік. Негізі, жұптық кездесуді айтпағанда, ойын өте жоғарғы деңгейде өтті. Жұптық кездесуді өзімізде түсінбедік. Енді келер жылғы ойындарға мықтап дайындалуымыз керек.



Варшавада өткен бесінші Еуропа чемпионатында паратаэквондадан Қазақстан құрамасы олжалы оралды. Бақ сынаған 5 спортшының үшеуі жүлделі атанған. Тараздық Өмірәлі Нышан күмістен алқа тақса, павлодарлық Карен Овсепян мен атыраулық Нұрлан Домбаев ел қоржынына алтын салды. 75 келі салмақта бақ сынаған атыраулық 35 жасар Нұрлан Домбаев бала кезінде жазатайым оқиғадан қос қолынан айырылған. Бұл спортқа келгеніне 2-ақ жыл болған.

Нұрлан Домбаев, паратаэквондодан Еуропа чемпионы:

Қуанышымда шек жоқ. Талай жеңістерді еліме алып келемін. Осы жеңісімді Қазақстанға арнадым.

Чемпионды Атырау халықаралық әуежайында жергілікті спортшылар мен жанкүйерлер күтіп алды. Айта кетейік, Еуропа чемпионатына әлемнің 35 елінен 137 спортшы қатысқан.

Д. БАҚДАУЛЕТ