Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылорда облысы Әйтеке би кентінде жасөспірімді соққыға жықты деген күдіктілер анықталды

Қызылорда облысы Әйтеке би кентінде 16 жастағы жасөспірімді соққыға жықты деген күдіктілер анықталды. Полиция ақпаратынша, олардың үстінен «бұзақылық» бабы бойынша іс қозғалған. Алайда жәбірленушінің анасы бұл шешіммен келіспейді. Өңірден Мөлдір Тоқтасынқызы.

Бұл бейнежазба әлеуметтік желіде тарап, қоғамдық резонанс туғызды. Соққыға жығылған Қуандық қазір ауруханада, жағдайы ауыр. Анасының айтуынша, оқиға 6 сәуір күні түскі екі шамасында болған. Сабақтан қайтқан ұлымды бір топ бала саябаққа шақырып, еш себепсіз ұра бастаған дейді. Оны қайта бір танысы көріп, таксиге мінгізіп жіберіпті. Бала үйге жеткен соң, талықсып құлаған.

Ақмарал ТӨЛЕГЕНОВА, ҚУАНДЫҚТЫҢ АНАСЫ:

Жалған ақпарат таратқан, қылмыс істегендер заңды түрде әділ өз жазаларын алсын деймін. «Бұзақылық» бабына келіспеймін, бұл-қылмыстық бап. Өйткені баламды көрген сайын қан жұтамын. Ана видеоны көрген сайын жүрегім шыдамайды.

Қуандық кішкентайынан таэквандомен шұғылданады. Жасы 16-ға келсе де денсаулығына шағым айтып көрмеді дейді жақындары. Ақ халаттылардың айтуынша, ауыр соққыдан жасөспірімнің бас-миына зақым келген.

Сәдуақас АХМЕТ, ҚАЗАЛЫ ТЖ АУРУХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:

Баланың жағдайы әлі де ауыр күйінде қалуда. Субдоральді гематома дейді. Бүгінгі қайта компьютерлік томаграфия жасағанда бас ішінде қан жиналып жатқандығы анықталды. Қызылорда облыстық балалар ауруханасынан нейрохирург пен реаниматолог шақырылды.

Бұл оқиғаға қатысты желіде түрлі ақпарат тарап жатыр. Құзырлылар қызметтік тексеріс жүргізуде. Тергеу басталып, күдіктілер анықталған.

Бауыржан ТҰРМАН, ҚАЗАЛЫ АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Кәмелетке толмағандарды ұрып-соққан 3 күдікті қазір Қазалы аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Тергеп тексеру амалдары жалғасуда. Тиісті сараптамалар тағайындалды. ҚР ҚК-нің 293-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы «Бұзақылық» қылмысымен тіркелді.

Облыстық білім басқармасы да тиісті шараларды қолға алған. Аудандық білім бөлімінің басшылары мен жауапты мамандарының жауапкершілігі қаралып жатқанын хабарлады.

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ:

Әкімшілік қадағалауды өз деңгейінде үйлестірмеген және кемшіліктерге жол берген Қазалы ауданындағы №266,70 мектеп-лицейлерінің директорлары мен тәрбие жөніндегі орынбасарларына қатаң шара көріліп, қызмет мәселесі қаралатын болады.

Аудан тұрғындары алаңдаулы. Соңғы уақытта жасөспірімдер арасында төбелес жиілеп кеткенін айтады.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Балаларды тәрбиелеу керек қой. Ата-ана да, мұғалімдер де қарау керек. Кейбір мектептерде ақша жинайды анау мынау балалар бірінен бірі қорқытып алады деген әңгімелер болып тұрады.

- Тоқтату керек. Қолға алу керек. Жұмыс істеу керек. Төбелесті болдырмау керек қой.

- Жиі болып тұр ғой енді қазір. Себебі бұрыннан келе жатқан із деп ойлаймын өзім. Өйткені үлкендердің жолымен балалар да жүріп келе жатыр ғой қазір. Біз қанша тәрбие берсек те балалар оны жете түсінбейді.

Айта кетейік, бұған дейін де Байқоңыр қаласы мен Жалағаш ауданында мектеп оқушылары арасында төбелес болған. Ал қалада бір мектеп оқушысы сыныптасына пышақ сұғып алды.