Шымкенттегі бес адамның өліміне себеп болған автобусқа жауапты компания лицензиясынан айрылуы мүмкін. Полиция департаменті жергілікті әкімдікке осындай ұсыныс хат жолдады. Сенбінің кешінде болған адам шошырлық жағдайда ажал құшқандар кімдер? Аман қалған бір адамның жағдайы қалай? Әріптесім анықтауға тырысты.
Шымкенттегі жүргізушісіз жүйіткіген автобустың видеосын көрудің өзі қорқынышты. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада жолдың қарсы бетіне өткелі тұрғандар жолаушылардың қоғамдық көлік астында жаншылған көрінісі жүректі ауыртады. Автобус қаққан алты адамның бесеуі жан тапсырды. Періштесі қаққан 18 жастағы қыз ауруханада.
Елдар СМАҒҰЛОВ, № 1 КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:
Қазір науқас нейрохирургия бөлімінде жатыр. Керекті емін қабылдап жатыр. Қазірге науқастың жағдайы орташа деңгейде боп саналады. Емді толық дәрежеде алып жатыр.
Қаза тапқандар кешкісін жұмыстан қайтқандар екен. Араларында мектеп жасындағы екі оқушы болды. Құрбысын ертіп, сол күні анасына көмектескен көрінеді. Болған жағдай жанға батты деген әріптестері жылу жинап жатыр.
Айдана РАҚЫМБАЕВА:
Бірінші ол біздің Азиза деген әпкеміз, сатушы боп істейтін. Артында бес бала-шағасы қалды. Екінші Азатхан Айзада деп айтамыз, ол қыздың инвалид мамасы бар, сол кісінің жалғыз асыраушысы, Үшінші бұл Амина деген мектеп оқушысы, ол мамасының орнына сол күні саудаға шыққан. Ол да сол жерде, қасында құрбысы болған. Төртінші қыз ол Камила деген сол қыздың құрбысы. Екеуі қатар тұрған сол светофорда. Бесінші қыз бұл бізде Рахима плазаға жақын жерде керемика сататын магазиннің сатушысы. Ол да жас қыз.
Ал автобустың жүргізушісіз жүйткіуіне не себеп? Оған кім кім кінәлі? Тасымалдаушы компания өкілі соңғы аялдамадан соң жолаушы мінбей тұрып жүргізуші дәретханаға асығыс түскен дейді. Автобустың техникалық ақауы болмағанына 100 процент сенімдімін деген басшы тізгіндегі кісі автобустың қол тешегішін тартпағанын айтады. Білуінше, алғашында қоғамдық көлік 30-40 секундтай сол орында тұрған.
Азат ҚАЙЫПБЕКОВ, «SHYMKENT BUS» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Ручной тормозға қойылмаған. Одан кейін автобус адамдарды соғып болып тоқтаған жерінде екі гражданский адам былай айтқанда пассажир емес екі жігіт келіп автоустың есігін ашып көрген. Бірақ ручной тормозға тиіспеген. Одан кейін барып жүргізуші соңында келіп ручной тормозға қарай созылып, кейінірек барып тартып қойған.
Ал автобустың өздігінен жүріп кетуіне нақты не себептігін полиция анықтап жатыр. Бірнеше сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Нұрдәулет СҮЙЕУБЕКОВ, ШЫМКЕНТ қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ АНЫҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
Қазіргі таңда ҚР ҚК 345 бабы 4-бөлігімен тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалған. Автобус жүргізушісі қамауда. Және бізге Шымкент қалалық әкімшілікке «SHYMKENT BUS» фирмасының жолаушылар тасымалдау лицензиясынан айыру туралы ұсыныс жолданды.
Осы жағдайдан кейін қала тұрғындары автобуста жалғыз жүргізушіні қалдырмай, жанында кондукторды қайтарсын деген мәселені көтеріп жатыр. Өйткені біраз уақыттан бері жолдағы төлемдерді де жүргізуші жалғыз өзі бақылайды. Алайда жолаушылар тасымалына жауапты басқарма өкілдері бұл мәселеге әзірге өзгеріс енгізілмейтінін жеткізді.