Русский Сайттың толық нұсқасы

Үкімет өндіруші өніміне екі есе құн қосып сататын алып-сатарлармен күресті заңмен бекітпек

  • AstanaTV
  • 20 қыркүйек 2016
  • 2467

Тәбеті тым үлкен саудагерлердің әлеуметтік маңызы бар тауар түрлеріне өз еркімен қоятын бағаларын заңмен реттеу қажет. Мұндай ұсыныстар бүгін өткен Үкімет отырысында айтылды. Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев республика бойынша базардағы азық-түлік құны күрт шарықтаған қалаларды жіпке тізіп қана қоймай, оның объективті, субъективті себептерін ашып айтты. Жергілікті әкімдіктердің жүйесіз жұмысы, азық-түліктің бағасын тұрақтандыруы тиіс қорлардың енжарлығы - бағаның өсіміне алып келген. Бір өңірде сақтайтын қойма табылмай өнім шіріп жатса, енді бірінде қыруар қаржы жұмсап салынған қоймалар қаңырап тұр. Жаңа құрамда жұмысқа кіріскен Үкімет шикілікті анықтап, оны уақыт созбай шешудің жолдарын да талқылады. Үкімет отырысынан Азамат Алдоңғаров тарқатады.

Үкіметтің күн тәртібіндегі басты мәселе - әлеуметтік маңызы бар тауар түрлері бағасының негізсіз өсімін болдырмау. Баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі  жиынға тыңғылықты дайындықпен келген сыңайлы. Сауда орталықтарының бағасын терең зерттеген Қуандық Бишімбаев, қымбаттауға жол берген өңірлерді атап, оның себептерін сыр бүкпей айтты.

Қуандық Бишімбаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Бүгін жергілікті биліктің әлеуметтік маңызы бар тауар түрлерінің бағасын ұстап тұруға барлық мүмкіндігі бар. Әкімдіктердің тұрақтандыру қорлары бойынша жұмыстары мардымсыз жүргізіліп отырғанын айту керек. Жекелеген өңір әкімдіктері бұл жұмысты жүргізсе, кестеде көрсетілген кей әкімдіктер қор мүмкіндіктерін мүлдем қолданбайды.

Жұмысы жүйесіз әкімдіктердің көшін шалғай емес, Астана мен Алматы бастап тұр. Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе, Ақмола облыстарының қоймаларында да қыстық өнім қоры жоқ. Қор жинамағанымен қоса, қазынадан алған ақшаларын жұмысқа жұмсамай, депозитке салып, пайызбен ғана күнелтіп отырған көрінеді. Бишімбаевтың баяндамасында, әкімдіктер қолында 4 млрд теңге ақша құр жатқаны айтылды. Мәселен, Қазақстан картоп бойынша 800 мың тонна ішкі сұранысын жапса, тағы 800 мың тонна картоп іске жарамай шіріп кеткен көрінеді. Жамбыл облысының әкімі оның себебін қоймалардың жоқтығымен түсіндірді. Ал мынау Астанадағы көкөніс сақтайтын заманауи қойма. Қазір қаңырап бос тұр. Мұны азық-түлікке толтыру үшін 180 млн теңге қарастырылған. Бірақ ақша депозитте жатыр. Қала әкімдігінің шендісі, елорда айналасында құрылған азық-түлік белдеуінің жұмысы жайында да айтып беруге қиналды.

Косман Кайыртаевич, какой эффект от продовольственного пояса вокруг столицы? - Мы работаем с областями. - Я о другом спрашиваю. Специально через «КазАгро» деньги выделяли. Сколько проектов запущено? Какой эффект? Ясно. 

Осылайша сынға ұшыраған өңір, қала басшыларын кезек-кезек тыңдаған Премьер-министр іс басындағы әріптестерін жүйелі жұмыс істеуге үндеді.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Вместо того, чтобы системные меры принимать, наши некоторые коллеги после получения должностей любят ходить по базарам, инспектировать цены. При этом прекрасно знают, что перед их приходом ценники меняют, это кроме популизма нам ничего не дает.

Атаққұмарлықтан арылудың бірқатар жоспарын жас министр Қуандық Бишімбаев айтты. Ол үкімет болып, өндірушіден өнімді арзан алып, қымбат сатып қаймақ қалқитындармен күресті заңмен бекітуді ұсынды.

Анализ кезінде өндірушінің бағасына 200 пайыз құн қосып сатқан жағдайлар анықталды. Мысалы, кеспе бойынша қосымша құн 172, басқа макарон өнімдері бойынша 200 пайызға дейін. Арпа жармасы 147, тарыға 175 пайыз құн қосып сатылған.

Азық-түліктің мол маусымында өнімді төмен бағамен қор қып жинап, тапшы кезде арзан сату да сол әкімдіктің жұмысы. Ол үшін жаңа жүйе ойлап табудың қажеті жоқ. Тұрақтандыру қорының жұмысын аяққа тұрғызып, жандандыру керек. Үкімет басшысының мемлекет менеджерлеріне бүгін жүктеген тапсырмалар тізімі осындай. Оның орындалу барысы жөніндегі баяндаманы Үкіметтің келесі отырысына дайындап келу Ауыл шаруашылығы мен Ұлттық экономика министріне жүктелді.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ