Оңтүстік
Қазақстан облысындағы ірі жол апатынан 6 адам қаза тапты. Оның біреуі - 3 жастағы
сәби. Көлік апаты Алматы-Ташкент-Термез тас жолында
болған. «Форд-Транзит» пен «Тойота-Виндом» автокөліктері бетпе-бет соқтығысқан. Екі көліктің де
жүргізушісі оқиға орнында тіл тартпай кетті. Ал 3 жастағы бүлдіршін ауруханада
ес жимаған күйі көз жұмды.
Куәгерлердің айтуынша, Қазығұрт кеден бекетінен
жолаушыларды лық толтырған «Форд-Транзит» Шымкентті бетке алып келе жатқан.
"Кенеттен алдындағы көліктерді басып озуға тырысқаны есімде", - дейді аман қалған жолаушының бірі 18 жастағы
Талғат Боранов. Ол оқиға болған сәтте жүргізушінің жанында отырыпты.
Талғат
Боранов, зардап шегуші:
Біздің
алдымызда Камаз, автобустар бар еді. Сосын ГАЗель жанға шығып, алдына шығам деп
еді, алдымызда ақ машина кеп қалды. Артындағы машина Камаздың алдында тұрған соң, газель тұратын орын таба алмай қалды. Сосын бұрылған еді, темірге тиді, авария
болдық. Екі рет айналды ма, сондай болды.
Қазір
қылмыстық іс қозғалды. Бірқатар экспертизалар тағайындалған. Түрлі дене
жарақатын алған 9 адам Шымкенттегі медициналық жедел жәрдем ауруханасында ем
қабылдап жатыр. Үш науқас нейрохирургия бөліміне жатқызылса, өзге алтауы әлі
жансақтау бөлімінде.
Сәбит
Байбосынов, Шымкент қалалық медициналық жедел жәрдем ауруханасының бөлім меңгерушісі:
Түскен
науқастардың барлығының жағдайлары ауыр. Алған жарақаттары қосарланған ауыр
жарақат. Бастың ашық, жабық ми жарақаттары, мидың соғылуы, шайқалу диагнозымен.
Көкірек қуысының жабық жарақаты, аяқтарының сынуы, травматикалық шоктың ауыр
дәрежесімен түсті.