Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облысында кеншілер шахтадағы апат кезінде қаза тапқан әріптестерін еске алды

  • AstanaTV
  • 20 қыркүйек 2016
  • 4028

Кеншілер трагедиясы. Бүгін Шахтинск қаласының Ленин шахтасында осыдан 10 жыл бұрын қаза тапқан шахтерларды еске алу митингі өтті. Қаралы жиынға марқұмдардың тума-туыс, жақындарымен бірге, «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының басшылары да келді. Жиналғандар шахтерлардың құрметіне тұрғызылған ескерткіш басына гүл шоқтарын қойды. 41 кенші 2006 жылы 20 қыркүйек күні Ленин атындағы шахтада жарылыс салдарынан опат болған еді.

Гүлнар Дәренова:

Інім Қожамберлин Марат Серикович, күйеу балам Смаилов Манарбек. Топырағы жайлы болсын. Не істейміз енді? Тек еске аламыз.

Қаралы жиынға келген қалың жұрт қайғысын жасыра алмады. Арада 10 жыл өтсе де, Ленин шахтасында болған апат көз алдарында тұрғандай. Марқұмдардың құрметіне орнатылған ескерткіш басына гүл шоқтарын қойып, қимас жандарын бір сәт үнсіздікпен еске алды.

Вера әжей сол күні жалғыз ұлынан айырылды. Александр Соболев шахтада соңғы күн жұмыс істеп, басқа салаға ауыспақшы еді. Үлгермеді, - деп күрсінді қария. Содан бері ол әр қыркүйектің 20-сында баласының басына келіп, дұға бағыштайды.

Вера Моргун:

Барлық аналарға сабырлық тілеймін. Бұл  - орны толмас қайғы. Аналар ұлдарын ешқашан ұмытпайды. Енді  ондай апат болмасын.

Айжан Қуаш, тілші:

41 кенші тура 10 жыл бұрын Ленин атындағы шахтада метан газының жарылуы салдарынан, жер бетіне шықпастан, опат болған еді. Талай отбасын еңіреткен оқиғадан кейін үкіметтік комиссия «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына өндірістік, техникалық қауіпсіздікті күшейтуді қатаң тапсырған болатын. Содан кейін ғана шахталарда төтенше жағдай азайды. Бірақ өндірістік жарақат толық жойылған жоқ. Миттал шахталарында жыл сайын 20 адам жарақаттанады екен.

Қазір Қарағанды облысындағы шахталарда 13 мың кенші жұмыс істейді. «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының өкілдері кен орындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жаңа жобаларды іске асырып жатқандарын айтты. Оның бірі - кеншілердің өз-өзін қорғауы тиіс кеңестер. Екіншісі - шахталардағы ескі қондырғылар мен техникаларды айырбастау. Ол үшін соңғы он жылда 1 миллиардтан астам АҚШ ақшасы жұмсалған.

Яков Майер, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің басқарма директоры:

Шахтерлар қауіппен бетпе-бет келгенде, сақтана білуі тиіс. Біз осыған үйретеміз. Биыл 800 адам оқытылды. Келесі жылы 22 мың кенші, басқа да техникалық қызметкерлерді оқыту жоспарда бар. Сондай-ақ, жаңа комбайндар алып, шахталарға механикалық жүйелер мен желдеткіштер орнаттық.

Соңғы 10 жылда Абай, Тентек, Ленин, Шахтинск шахталарындағы апаттардан жүздеген адам зардап шекті. Оған кен орындарындағы техникалық жағдай мен ұйымдастыру шараларының дұрыс жүргізілмеуі түрткі болған. Осы мәселені көтеріп, кеншілер мен олардың жесірлер бірнеше мәрте ереуілге шығып, ақыры компания басшылары өндірістік қауіпсіздік бағдарламасын қабылдаған еді.

Айжан ҚУАШ