Алматы облысында танысын мектепке орналастыру үшін 500 мың теңге алған мұғалім сотталды. Іле аудандық соты қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімінің қылмыстық ісін қарап, оған жеңіл жаза тағайындады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Айнұр Күленбаева Іле ауданының Боралдай кентіндегі №17 орта мектебінде «қазақ тілі мен қазақ әдебиеті» пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Ширек ғасырға жуық тәжірибесі бар ұстаз. Боралдайдағы дәл осы мектепте 2,3 мың оқушы, 240 қызметкер бар. Бұған дейін мектептің директоры парамен ұсталып, жазаланған еді. Осы жолы қарапайым мұғалімге де сот үкім шығарды. Сот құжаттарында Айнұр Күленбаеваның танысы Алмат Дилянораны өзі жұмыс істейтін №17 мектепте мұғалімдік жұмысқа орналастырып беруге уәде берген.
«Алайда А.Күленбаева жәбірленуші Д.Алматты мектепке жұмысқа орналастыратындай ешбір құзіреті болмаған. 2022 жылдың 12 шілдеде А.Күленбаева жәбірленуші Д.Алматқа тиесілі мүлкін сенімін теріс пайдалану арқылы пайда табу, қылмыстық ойын жүзеге асыру үшін, Алматы облысы Іле ауданы, Боралдай кенті, Бостанов көшесінің бойында орналасқан «Кристалл» асханасында кездесуді ұсынып, өзімен бірге құжаттарын және ақшалай қаражат 500 000 теңге алып келуді тапсырған. Сол күні сағат 15:00-де А.Күленбаева №17 мектепке «биология» пәнінің мұғалімі ретінде жұмысқа орналастырып берем деп, мүмкіндігі болмаса да, жалған айтып, алаяқтық жолмен Д.Алматтың 500 000 теңгесін заңсыз иеленген», - делінген сот тергеуінде.
Алайда мұғалім жарты миллион теңгені өзінің бас пайдасына жаратып жіберген. Ал қомақты ақшаны танысына берген Алмат ақшадан да айырылып, жұмысқа тұру мүмкіндігінен де айырылған. Амалы таусылған ол ақыры құзырлы органдарға арыз жазған. Тергеу кезінде алдап алған ақшаны Күленбаева тұрмысқа шыққан қызының тойына жұмсап жібергені белгілі болды. Жәбірленуші сотқа «WhatsApp» мессенджері арқылы жазылған хаттарды және Каспи қосымшасындағы аударымдарды дәлел ретінде көрсеткен. Теріс әрекетін мойындаған мұғалім соттан ауыр жаза тағайындамауды сұраған. Ал жәбірленуші жұмысқа орналасам деп берген ақшаны несиеге алған болып шықты.
«Жәбірленуші күдіктінің кейіннен қоңырауына жауап бермей, қашып жүргенін біліп, үйіне барып аталған 500 000 теңгені қарызға алдым деп қолхат жаздырып алған. Нақты 500 000 теңгені қарызға емес жұмысқа орналастырып берем деп алдап алғанын, ол қаражатты несиеге алғанына орай қазіргі уақытта тек 500 000 теңгені сотталушы А.Күленбаева қайтарғанын, өсімақысы 300 000 теңге талап еткенін, оны кешірмейтіндігін, қатаң түрде жаза қолдануды сұрайтынын көрсетті. Сонымен қатар, А.Күленбаеваға тағылып отырған іс-әрекеттері оның кінәсін мойындаған айғақтары мен жәбірленушінің айғақтарынан және де куәнің айғақтарынан бөлек сот отырысында зерттелген қылмыстық іс материалдарындағы дәлелдемелермен расталады», - делінген сот құжатында.
Мұғалімге ҚР ҚК-нің 190-бабының 1-бөлігімен айып тағылған. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған мұғалімге сот 10 АЕК көлемінде айыппұлды да салды.
«Айнур Нурсеитовна Куленбаева ҚК-нің 190-бабы бірінші бөлігімен кінәлі деп танылсын, және оған осы бабпен бас бостандығын шектеу түрінде жаза 1 (бір) жыл мерзімге тағайындалсын. А.Куленбаеваның үстінен бас бостандығын шектеу жазасының мерзімі ішінде пробациялық бақылау белгіленсін және оған келесі міндеттер жүктелсін: үкім заңды күшіне енгеннен кейін он күн мерзімде тұрғылықты жері бойынша пробация қызметіне есепке қою үшін бару; сот жүктеген міндеттерді орындау; пробация қызметінің талаптарын орындау; пробация қызметінің ұсынуы бойынша сот айқындаған жерлерге бармау; пробация қызметін хабардар етпей тұрғылықты жерін, жұмыс, оқу орнын 5 ауыстырмау; пробация қызметін хабардар етпей әкімшілік-аумақтық бірлік шегінен тыс жерге кетпеу; пробация қызметіне белгіленген күндері тіркелу және өздерімен тәрбие жұмысын жүргізу үшін келіп тұру; отбасын материалдық қолдауды жүзеге асыру; жеке басын куәландыратын құжатты өзімен бірге алып жүру. А.Куленбаеваның бас бостандығын шектеу жазасын бақылау тұратын жерлеріндегі пробация қызметіне жүктелсін. А.Куленбаеваның бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеу мерзiмi пробация қызметі заңды күшіне енген сот үкімін орындауға қабылдаған күннен бастап есептелсiн. А.Куленбаеваға бас бостандығын шектеу жазаны өтеуден қаскөйлікпен жалтарған жағдайда, бас бостандығын шектеудiң өтелмеген мерзiмi дәл сол мерзiмге бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаға ауыстырылатыны түсіндірілсін», - деді үкім шығарған судья К. Алмабекова.
Мектеп қана емес, ауданның атына кір келтірген шулы оқиғадан кейін мұғалімді директор жұмыстан шығарып жіберді.