Русский Сайттың толық нұсқасы

Астана Мәскеудің көшелерді аббаттандырудағы тәжірибесін етене танып білмек

  • AstanaTV
  • 21 қыркүйек 2016
  • 2525

Астана  Мәскеу көшелерін абаттандырудағы инновациялық жетістіктері мен тәжірибесін танып білмек. Бұл туралы Астананың Мәскеудегі мәдени күндері аясында болған экономикалық форумы аясында белгілі болды. Ресейліктер қаланы көріктендіру үшін бірнеше «ақылды технологияның» тұсауын кесті. Сондай-ақ тараптар ортақ меморандумға қол қойды. Ол Астана қаласы әкімдігінің Инвестиция және даму басқармасы және Мәскеу қаласының  ұлттық саясат, халықаралық байланыс және туризмді дамыту департаменті арасындағы серіктестік жөніндегі құжат.

Мәскеуде бас қосқан Қазақстан мен Ресей астаналарының қызметтік элитасы форумда талқыға салатын мәселе баршылық екенін айтты. Кәсіпкерлерді әсіресе экономикалық серіктестіктің артықшылықтары қызықтырған еді. Оның үстіне Мәскеу де сенімді серіктес ретінде Астанамен қарым-қатынасты нығайтуға құлшынып отыр.

Сергей Черемин, Мәскеу қаласы үкіметі министрі:

Еуроодақ пен АҚШ бізге қарсы секторалды санкция енгізген уақытта, біз, керсінше, Еуроодаққа санкция қойдық. Міне, осы уақытта Қазақстан бізге қолдау білдіріп, Еуразия кеңістігінде сенімді серіктес екенін дәлелдеген еді.

Қазіргі экономиканың қиын-қыстау шағында бизнес-қауымдастықтың құрыла қалуы оңай шаруа емес. Сондықтан мәскеулік кәсіпкерлер, сәтті серіктестікті жүзеге асыру мақсатында қазақ кәсіпкерлерімен осындай жылы жүздесулерді арттыру керек, дейді.

Вадим Арутинов, «Инжиниринг юнител» компаниясының бас директорының орынбасары (Ресей):

Жиі-жиі кездесуіміз керек. Басқа жол жоқ. Адамдар бірін бірі жақсы танып білсе деймін. Яғни біз тауар өндірушілер ретінде жергілікті нарықта өз өнімдеріміз жайлы айтуымыз керек. Қазіргі жағдайда Қазақстандағы біздің серіктестеріміз біз жайлы көбірек естісе деймін.

Расымен де, қазақ және ресей кәсіпкерлері арасындағы қарым-қатынас аздау екені осы жолы да сезініп тұр. Кейбірі тіпті үзіліс кезіндегі шәй-суға шықпай, басқа мәселелерін талқылап жатқандай болды. Астана әкімі Әсет Исекешев өз кезегінде біздің елде Елбасының қатысуымен өтетін экономикалық форумға шақырды. Ол Астанада 4 қарашада өтпек.

Әсет Исекешев, Астана қаласының әкімі:

Астана қаласының тұрғындары, міне, 1 миллионға жетті. Бұл өте белсенді дамып жатқан қала. Біздің қос қаланың экономикалық моделі өте ұқсас. Қос тараптада қызықты бағдарламалар мен технологиялар бар. Біз осыларды бірлесе жүзеге асыра алар едік.

Ресейліктер көрікті қала үшін бірнеше «ақылды технологияның» тұсауын кесті мұнда. Олардың көбі қазір Мәскеуде қолданылып келе жатқандар. Енді Астанада мұндағы пайдалыларын үйреніп, біздің елде жүзеге асырмақ. Әзірге бұл талқыланып жатқан мәселе.

Ал бұл сауда-саттыққа шығарылатын тауарлар. Мәскеу мен өзге аймақтарда Қазақстанның өнімдерін сататын 7 бірдей дүкен бар. Арнайы жәрмеңкеде Ресей өнімдерімен бірге Қазақстан өнімдері де саудаға шығарылмақ.  Жалпы көлемі 1000-ға жуық тауар бар мұнда.

Елена Кондакова, Қазақстан тауарларын сату бойынша дүкендер жүйесінің басшысы:

Бізде жартылай фабрикаттар өте жақсы саудалануда. Тәтті тағамдар өз алдына, жылқы етінен жасалған өнімдеріміз жылдам арада сатылып кетеді.

Осы сынды жәрмеңкелер біздің тауарлар үшін жақсы жарнама болады,- дейді мамандар. 

Дауренбек БАҚДАУЛЕТ