Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте «Нұрлы жол» бағдарламасына биылға бөлінген қаржы игерілмей қалуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 21 қыркүйек 2016
  • 4161

Шымкентте «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында құрылыс нысандарына бөлінген қаражаттың игерілуі көңіл көншітпейді. «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы партиялық бақылау комиссиясының мүшелері тексеру жұмыстары нәтижесінде бірқатар кемшіліктерді анықтаған.

Дөңгелек үстел басына жиылғандар мемлекеттік бағдарлама шеңберінде бақылауда ұстап отырған нысандардың жұмысына тоқталды. Қалалық құрылыс бөлімі мамандары берген мәліметке сүйенсек, жеті бірдей нысанның құрылысына 2016 жылға бөлінген 5,5 млрд теңгенің 2 млрд астамы әлі игеріліп үлгермеген. Жауаптылар, жобалау сметалық құжаттарында кемшілік табылып, түзетулер жасатуға тура келгенін, көлденең тартты. Бірақ бұл жауап нұротандықтарды қанағаттандырмады.

Талғат Әмірбеков, «Нұр Отан» партиясы Әл-Фараби аудандық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы:

Құрылыс бөлімі құжатта қате барын алға тартты. Яғни жобалау жұмысында кемшіліктер бар көрінеді. Демек олар өз міндетіне салғырт қарап, жүрдім-бардым жұмыс істеген болып тұр. Біз ақылдаса келе, қалада жұмыс істеп жүрген барлық компанияларды бір жерге жиюды құп көріп отырмыз. Мәслихат депутаты ретінде мені қызықтыратын сұрақ өте көп. Өйткені бұл нысандардың бітуін  күтіп отырғандар қаншама.

Партия мүшелері құрылысшылар енді асығамыз деп сапа жағын ұмыт қалдырмаса деп отыр. Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жиырма нысан жоспарланған. Оның бірқатары әлеуметтік нысандар. Құрылыс қарқынды жүріп жатыр. "Дегенмен кемшіліксіз емес",- дейді партиялық бақылау комиссиясындағылар. Мәселен, биыл үш бірдей мөлтек ауданға кәріз жүйесі жүргізілуі тиіс болатын. Бірақ жыл аяқталуға жақын қалса да, әлі конкурс өткізілмепті. Партия өкілдері жауапты мекемеге бір ай мерзім берді.

Ермек Дәрменов, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қаласы Абай аудандық филиалының төрағасы:

Партконтрольдың ұсынысы бойынша осы жерде біздер тарапынан осы ЖКХ-ға біз ұсыныс беріп отырмыз. Бір айдың көлемінде осы конкурсты өткізіп, сол жерде жеңімпаздарды анықтап, жұмысқа кірісіп кету керекпіз. Егер істелінбеген жағдайда, шара қолданатын боламыз. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ