Русский Сайттың толық нұсқасы

"Батыс жастарының бәрі мұнайшы бола алмайды", - Президент

Батыс жастарының бәрі мұнайшы болғысы келеді. Бірақ мұнай таусылғанда жағдай күрделенуі мүмкін деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы Жаңаөзен мұнай-газ саласына ғана қарап отырған моноқала екенін айтты. Сол себепті қаланы дамыту үшін арнайы кешенді жоспар қабылданды. Оны жүзеге асыруды Үкіметке жүктеді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Батыс аймақтарда, әсіресе Маңғыстауда көптеген жастар тек мұнай саласында жұмыс істегісі келеді. Бұл дұрыс емес. Мұнай қоры таусылғанда аймақтағы ахуал тіпті күрделі болып кетуі мүмкін. Сондықтан жастардың басқа да кәсіптерді игеруіне жағдай жасауымыз керек. Бұл жұмысты арнайы жоспар бойынша атқару қажет.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде ақпараттық технологиялар бүкіл әлемде жетекші салаға айналып отыр. Осындай технологияларды Маңғыстау облысын дамыту ісінде қолдануды тапсырды. Өйткені, өскелең ұрпақ келешекке сеніммен қарауы қажет.

Қайсар МАҚАН, САРАПШЫ:

Мен Президенттің айтқанымен толық келісемін. Расында да мұнай тапшылығы болса, біраз маман жұмыссыз қалуы мүмкін. Бұл мәселені бұған дейін қозғау керек еді. Әлі де кеш емес. Батыс жастарының тек мұнайға бет бұруы, бір жағынан, орынды. Өйткені, бұл өңірде жастардың қызығушылығын оятатын жүйелі жұмыс жүргізілмеген. Жастар саясатын, олардың қызығушылығын арттыратын жаңа мектеп, институттар ашу керек. Бәлкім сонда тұрғындар өзге салаға да назар аударады.