Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркістан облысында бір мектептің оқушылары сабаққа бармай қойды

  • AstanaTV
  • 21 сәуір 2023
  • 1509

Түркістан облысы Төлеби ауданындағы "Диханкөл" жалпы орта мектебінде оқитын оқушылар жаппай сабаққа бармай қойған. Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасындағылар балалардың сабаққа келмегенін растады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Басқарма мәліметінше, ата-аналар мектеп директоры орынбасарының қызметінен босатуды талап етіп  балаларын сабаққа жібермей қойған. 

Түркістан облыстық полиция департаментіндегілердің мәліметінше, ата-аналар екі жасөспірімнің арасында болған келеңсіз оқиғаның әлеуметтік желіде жарияланып, Қазақстанға жаппай таралуына ықпал еткен директордың орынбасарына осылай наразылық білдірген және оның жұмыстан босатылуын талап еткен.

Оқушылар жаппай сабаққа бармаған соң аудан әкімінің орынбасары, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы, аудан прокурорының орынбасары мен полиция бөлімі басшысының орынбасары 100-ге тарта ауыл тұрғынымен және ұстаздармен жиналыс өткізген. Жиын барысында директор орынбасарының денсаулығы сыр беріп, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Соған байланысты жиналыс шешімі басшы орынбасары қызметке шыққаннан кейін қабылданатын болыпты.

Жиналыс кезінде жүргізілген түсіндіру жұмыстарынан соң ата-аналар ертеңнен бастап балаларын сабаққа жіберуге уәде еткен.

Аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев ата-аналар әлеуметтік желіде жарияланған жазба ғана емес, директор орынбасарының жұмысына, жалпы балаларына ондай педагогтың білім беруіне қарсы шыққанын айтты. Олардың шағымы заң аясында қаралады.