Бір баланың анасы, қарапайым балабақша тәрбиешісі Гүлдана Келтірбайға шұғыл түрде жілік майын ауыстыру қажет. 22 жастағы келіншекке осымен екінші рет онкологиямен күресуге тура келіп отыр. Ол алғаш 18 жасында ақ қан ауруына шалдыққан. Осы жолғы емі мен отаға қажетті қыруар қаражат қарапайым отбасында жоқ, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Гүлдана Келтірбайға дәрігерлер бес жылдан соң лейкоз диагнозын қайта қойып отыр. Оның емі - жілік майын ауыстыру дейді мамандар. Гүлданаға туған інісі донор болмақ ниетте. Бәрі дайын, десе де, отбасына қаражат қолбайлау болып отыр.
"2017 жылы төбемнен жай түскендей оқиға болды. Дәрігерлер маған лейкоз диагнозын қойды. Бір жыл бойы Алматыда ем алып, жазылып шықтым. Содан соң тұрмыс құрып, балалы болдым. Осыдан соң аты жаман аурудан біржола құтылдым деп ойлаған едім. Бірақ бұл дерт маған қайта оралып отыр. 18 жасымда ракты жеңген едім, енді осы жолы маған көпшіліктің көмегі қажет", - дейді Гүлдана.
Бүгінде Гүлданадағы рак жасушалары көбейіп кеткен.
"Дәрігерлер 10 млн теңге жиналса, бастапқы емге жетеді, емді ертерек бастайық деді. Бұйырса, бәрі жақсы болсын деп күнде Алладан тілеймін. Халқым көмектесіп жіберсе екен", - дейді Гүлдана.
Жас келіншек бәрінен бұрын баласының тағдырына алаңдайды. Ол өмір сүру үшін қолдан келгенше күреспек. Гүлдана Стамбулдағы "Аджибадем" емханасына құжаттарын жіберіп қойды.
"Олар қан анализін қарап, дереу Түркияға келуімді талап етіп отыр. Стамбулға барып, қаралу үшін жалпы 20 миллион теңгедей қаражат керек. Қазір 9 млн 600 мың теңге жиналып тұр. Бір нәрсе анық - маған толық жазылу үшін жілік майын ауыстыру керек. Бұл- өте күрделі кезең. Ата-анам мен жолдасым өте қарапайым адамдар. Менің өмір сүргім келеді. 4 жасар ұлыма керекпін...", - дейді жас келіншек.
Гүлдана Келтірбайға көмектесем деушілер үшін реквизиттер: Kaspi 5169 4971 9171 1658 GULDANA KELTIRBAY 8 705 808 88 69, Гүлдана Талғатқызы