Русский Сайттың толық нұсқасы

Мектеп оқулықтары планшетке ауыстырылмайды

  • AstanaTV
  • 25 сәуір 2023
  • 1089

25 сәуірде Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Оқу-ағарту министрлігі мектеп оқулықтарын планшеттерге ауыстыру туралы пікірінен айнып қалғанын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

БАҚ өкілдері министрден оқулықтарды планшеттерге ауыстыру идеясы жөнінде сұрады. Осылайша, ведомство оқушы сөмкесінің салмағын жеңілдетпек болған еді. 

"Бізге ұсыныс жасау тапсырылғандықтан, біз оны тұжырымдап, оқулықтың орнына планшет қолдануды ұсындық. Бірақ салалық министрлік – Оқу-ағарту министрлігі бұл мәселемен айналысып, қазір инновацияны енгізудің басқа әдісін ұсынып отыр. Олардың әдісі басқа, пікірі бөлек. Біз олардың пікіріне сүйенеміз", – деді министр.

Оқу-ағарту министрлігі қандай әдіс енгізілгелі жатқаны жөнінде түсініктеме берді.

"Сыныптарда интерактивті панельдерді қолдану жоспарланып отыр", – деді министрліктің баспасөз қызметі.