Көлігін жөндетпекші болған Орал тұрғыны гараждың ішінде тірідей өртеніп кетті. Оның қасынан тағы екі адамның мүрдесі табылды. Олардың бірі -үй иесінің әйелі. Өрт неден тұтанды? Қаза тапқан тағы бір адам кім? Оқиға болған жерге тілшіміз Еркін Карин барды, куәгерлермен тілдесті.
Анатолий Тихонов үйіне жапсарлас салынған гараждың көз алдында өртенгенін айтады. Жалма-жан іште жүрген әйелін құтқаруға ұмтылған. Бірақ жете алмапты, үсті-басы күйіп қалған. Оқыста тұтанған қызыл жалын үйдегі төрт баланы жетім етті.
Анатолий ТИХОНОВ ҮЙ ИЕСІ:
Гараждың гүрс етіп жарылғанын естігенде әйелімді шығарып алуға асықтым. Бірақ өрт сөндірушілер ішке кіргізбеді. Тіпті біреуі «Кет!» деп мені ұрып жіберді. Әйтпесе жұбайымды өзім құтқарып алатын ем. Гараждағы көлік иесінің кім екенін білмеймін.
Үй иесінің айтуынша, гараждағы көліктің газ қондырғысынан иіс шығып тұрған. Демек дәнекерлеу кезінде ұшқын тиіп, өрт шығуы мүмкін дейді.
Еркін КАРИН, ТІЛШІ:
Өрттің себебін мамандар әлі анықтап жатыр. Тіпті бұл жердегі өтуге болмайды деген ескерту белгі де әлі алынбаған. Бірақ оттың қызуы қатты болғанын мына гараждың қазіргі көрінісінен байқауға болады. Ал автокөліктің темірден жасалған бөлшектерінің бәрі дерлік балқып кеткен.
Қаза тапқандардың бірі мұнда көлігін жөндетуге келіпті. Аяқ астынан айналасы отқа оранғанда сыртқа шыға алмай қалған.
Азамат МҰХАМБЕТОВ, БҚО ТЖД БАС МАМАНЫ:
Өрт орнынан үш адамның мәйіті, сондай-ақ сыйымдылығы 50 литрлік 4 оттегі баллоны шығарылды. Өрт 21 сағат 32 минутта оқшауланып, 22.02 минутта толығымен жойылды. Өрт орнына ТЖД-ның 23 қызметкері және 7 бірлік техника жұмыс жасады.
Дариға МӘЖИТОВА, БҚО ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы 3-бөлігі бойынша тергеу амалдары басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды.
Қазір келтірілген шығын анықталып жатыр. Егер полиция кінәліні анықтаса, оның бес жылдан он жылға дейiн сотталуы мүмкін.