Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркістан облысы аумағында салынатын жаңа стансаның құрылысына халық қарсы

Түркістан облысында жаңа электр станциясы салынады. Бірақ оның құрылысына Шымкент пен жергілікті оннан астам ауылдың тұрғындары қарсылық білдіруде. «Уланамыз, денсаулығымызды құртамыз» деп отыр. Экологиялық сараптама жасалған ба? Айзада Төребекқызы сұрап білді.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

1000 МВТ-тық электр энергиясын өндіретін «Бу-газ» қондырғысы тап осы жерге салынбақ. Бұл Шымкенттегі «Бадам» су қоймасының маңы. Былтыр жазда өңір үшін маңызды нысанның капсуласы салтанатты түрде қойылған болатын.

Үлкен стансаның бұл төңіректе түсетінінен көпшілік бейхабармыз дейді. Басым бөлігі жуырда ғана естіген. Белгіленген 100 гектар жер Төлеби ауданының аумағына жатады. Бірақ Шымкентке қарасты ауылдарға тым жақын. Халық «зардабын тартамыз ба?» деп шошып отыр.

Әлия ИМАНБЕКОВА, МАЯТАС АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жан-жағымызда нефтеперегонныйдан, битумнан кеп жатқан иістерден көбісі келіндеріміз бала тастап қойып жатыр. Жап-жас жігіттеріміз қайтыс боп жатыр, сахардан кетіп жатыр. Кемпір шалдар жүректен кетіп жатыр. Бала-шағамыз, немерелеріміз үшін алаңдаймыз.

Тұрғындар өздерінің келісімі алынбағанын алға тартуда. Қоғамдық тыңдау болмады десті. Екі рет өткен жиынға басқа ауылдың тұрғындары қатысқанына аң-таң. Бұл станса арқылы Түркістан облысы мен Шымкент қаласы электр энергиясымен қамтылмақ. Жоба құны 600 млрд теңге шамасында. 65 млдр текше метр су қоймасы мен шойын жолы бар деп осы аумақ таңдалған екен. Биліктегілер экологияға зияны шамалы десе, талай жыл инженер–технолог болып жұмыс істеген тұрғын оған сенбейді.

Түймебай БАЗАРОВ, МАЯТАС ТҰРҒЫН АЛАБЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Парогенератор деген - парды шығару үшін ішіне не деген химикаттар қосылады. Сонда ғана пар болады. Ол пардың 70 пайызы ауаға тарайды. Ол бұлт боп тұрған соң қайтадан жерге түседі. Жерге түскен кезде бүкіл өсімдік диханшылықтың бәрін күйдіріп тастайды.

Нұрхан ИМАНБЕКОВ, МАЯТАС ТҰРҒЫН АЛАБЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біздің су қоймада 65 млн куб су бар. Олар мысалы біз сейсмикалық қауіпті аймақ боп саналамыз. Мысалға жер сілкіні болса платина ашылып кетуі мүмкін. Болмаса ПГУ да авария болатын болса ол қалай әсер етеді суға, бұл су егер ашылып кететін болса Төлеби ауданы және Шымкент қаласының бірәз жеріне зардабын тигізеді. Шайып кетеді су.

Алайда биліктегілер уайымдайтын дәнеңе жоғын айтуда. Тапсырыс беруші серіктестік өкілі негізгі мақсат оңтүстіктегі электр энергиясы тапшылығын жою екенін көлденең тартты.

Нияз МҰСАТАЕВ, «ПГУ ТҮРКІСТАН» ЖШС ӨНДІРІС ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл жоба қазір экспертизада, экологический экспертизада. Оның қорытындысы осы май айының 15-і күні шығады. Нормативке бәрі сәйкес жасалынған. Сондықтанда бұл экспертизаның қорытындысымен көрсетеміз. Ол жобаның аяқталуы - 2025жылдың тамызы. Толық қуаттылыққа 2026 жылдың аяғында іске қосылады.

Билік өкілдері тұрғындардың бар сауалына алдағы сәрсенбіде толық жауап береміз деп тарасты. Алайда құрғақ сөзге сенбейміз деген халық электр энергиясын өндіретін стансаны мүлдем елсіз жерге алып кетуді талап етіп отыр. Тіпті қол жинауға кірісіп кетті.