Русский Сайттың толық нұсқасы

Құқық қорғау органдары арасында алғаш рет кинологтардың жарысы ұйымдастырылды

  • AstanaTV
  • 26 қыркүйек 2016
  • 3755

Солтүстіктегі қылмыстың 12 пайызы иіссезгіш иттердің көмегімен ашылады. Бүгін олардың біліктілігін сынау үшін Қызылжар өңірінде кинологтар жарысы ұйымдастырылды. Құқық қорғау органдарында қызмет еттетін иттердің ішіндегі үздігі анықталмақ. Бірақ үш күнге созылатын сайыстың алғашқы күні кинологтардың ешқайсысы жоғары баға ала алмады. Абзал Құрманкин тарқатады.

Барлығы 21 жұп 3 кезең бойынша жарысады: адамның бұйрығын орындау, із-түссіз жоғалған кісіні іздеп, есірткі мен бомбаны анықтау. Жарыс басталмай жатып, сыннан сүрінгендер болды. Кей кинологтар қобалжып, иттері жүгенсіз кетті. Құқық қорғау органдарының арасында мұндай шара тұңғыш рет өткізіліп жатыр. Қазылар алқасы әділ баға беру үшін Алматыдан арнайы маман шақыртылған.

Ерік Кәрібаев, ҚР ІІМ кинологиялық орталығы арнайы дайындау бөлімінің аға жедел уәкілі:

Кеше жігіттердің жаттыққанын көргем. Жақсы нәтижелер көрсетіп жатты. Бірақ бүгін кейбірі сасып қалып, иттер олардың бұйрықтарын орындамады. Әзірге ешкім 100 пайыз көрсеткішке жеткен жоқ. Иттің осал тұстары осындайда байқалады.

Абзал Құрманкин, тілші:

Жарыстың ең қызық бөлімі - адамды іздеу. Ит жоғалған кісінің ізін иіскеп, оны 10 минуттың ішінде тауып алуы тиіс. Бұл жерде кинологтың рөлі зор. Егер де жануардың иесі қобалжитын болса, онда ит мұны сезіп, ай далаға қашып кетуі мүмкін.

Жарыста Мұсахан Сейітбеков та өзінің адал досымен бағын сынап жатыр. Кинологтың итпен бірге жұмыс істеп жатқанына 2 жыл болды. Осы уақыт аралығында олар 4 қылмыстың бетін ашқан. Гера есімді ит күні-түні әріптесінің қасында жүреді. Тіпті Мұсаханның жанұясы да итке бауыр басып қалған.

Мұсахан Сейітбеков, Аққайың ауданы ішкі істер бөлімінің инспектор-кинологы:

Күндіз-түні жұмыс істейміз. Бос кезімізде жаттығулар өткіземіз. Өзінің қалашығы бар. Әйелім мен балам сұрағанда үйге алып барамын. Үйдегілер жақсы көреді. Үйге де үйреніп қалған. Егер қауіп төніп тұрса, кісі келе жатса, сразу кісілерге атылады.

Жалпы Солтүстік Қазақстан облысының кинологиялық орталығында 40 ит бар. Жыл басынан бері олардың көмегімен 567 қылмыс әшкере болды. Мұнда жануардың қызмет ету мерзімі - 8 жыл. Артынша орталық мамандары оларды "ұйықтатуға" мәжбүр.

Самат Төлебаев, СҚО ІІД кинологиялық орталығының басшысы:

Біз иттің мінезіне қарай кинологты таңдаймыз. Демек, екеуінің де мінезі бір болуы тиіс. Олар бірнеше жыл бірге жұмыс істегесін, иелері итті ұйықтатуға қимайды. Көп жағдайда үйіне алып кетеді. Ал егер де жануардың белсенділігі жоғалмаса, онда ол қызметін жалғастыра береді.

Кинологтардың мұндай сайысы жиі өтпейді. Енді республикалық кинологиялық орталық өкілдері аймақтағы "қаймақтарды" жинап, мұндай шараны республикалық көлемде ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

А.ҚҰРМАНКИН