Русский Сайттың толық нұсқасы

Пойызда ән салған жолсерік Ақылзат Сейтжапар Tiktok жұлдызына айналды

  • AstanaTV
  • 30 сәуір 2023
  • 1427

Таяуда әлеуметтік желілерде талантты жолсеріктің пойыз жолаушыларымен бірге шебер ән шырқап жатқан видеосы тарады. Бұл ролик әп сәтте Tiktok-та көп қаралым жинап, танымал болды. Осы орайда, ҚазАқпарат тілшісі тамылжыта ән салған жолсерікпен әңгімелесіп көрді.

Кейіпкеріміз Ақылзат Сейтжапар өмірде түрлі жұмыстарды жоспарлағанмен, тағдыр өз дегенін жасайды деп санайды. Оның пайымынша, әр адам шешімдерінің қайсысы аса зор маңызға ие болатынын және оның болашаққа қаншалықты әсер ететінін білмейді.

«Мен шуақты Тараз қаласының тумасымын. 2006 жылдан бастап Астанадамын. 13 жыл бойы «Қазақстан темiр жолы» компаниясында жұмыс істеп келемін. Бір ұлым, бір қызым бар. Айта кетейін, ұлым менің жолымды қуып, өзінің мамандығын темір жол саласымен байланыстырды», - деп өз әңгімесін бастады Ақылзат Сейтжапар.

Оның ән өнеріне деген қызығушылығы мен сүйіспеншілігі бала күннен басталған.

«Мен бала кезімнен әнге ғашықпын. Мектеп жылдарында күзгі балға, түрлі байқауларға қатысатынмын. Менің арманым – ол әнші болу және үлкен сахналарды бағындыру еді. Сол кездегі ең ауқымды SuperStar жобасына қатысқым келді. Дегенмен ол уақыттарда қаржылық қиындықтар болды. Кейін мен теміржолшы мамандығын таңдадым. Жолсеріктің киімін алғаш киіп көрген сәтім әлі есімде. Бұл - ұмытылмас сезім», - деп бөлісті Ақылзат Сейтжапар.

Әлеуметтік желілерде тараған танымал видео «Шымкент-Астана» бағытында қатынайтын пойызда түсірілген.

«Біздің вагонда Астанада өтетін музыкалық конкурсқа қатысуға бара жатқан студенттер болды. Олар бірге отырып ән айтты, музыкалық аспаптарда ойнады. Жастарға қолдау көрсету үшін мен де қосыла ән шырқадым. Бірақ, сол сәтте мені видеоға түсіріп жатқанын байқамадым. Мен тіпті әлеуметтік желіні, оның ішінде Tiktok-ты қалай қолдану керектігін білмеймін. Келесі күні таңертең маған ағам қоңырау шалып, мен өлең айтқан видеоның танымал болғанын айтты. Қатты таңғалдым, сәл қорқыныш та болды. Оны жасырмаймын. Өйткені, біз жұмыста жолсеріктің формасымен жүреміз. Кейін маған бастықтар хабарласа бастады. Мен сөгіс алатын шығармын деп ойладым. Алайда, олар керісінше, маған қолдау көрсетіп, жылы лебізін білдіріп жатты. Мен бір күнде осындай ауқымда танымал болып шыға келемін деп ешқашан ойламаппын», - деп сол сәтті есіне алды Ақылзат Сейтжапар.

Кейіпкеріміздің сөзінше, оған алғашында туыстары хабарласып, видеоға қатысты пікір білдіріп, құттықтай бастапты.

«Маған бәрінен бұрын қуаныштан көзіне жас алған ата-анамның реакциясы ұнады. Шамамен бір жылдан астам уақыт бұрын әкемнің денсаулығы сыр беріп, ол төсекке таңылды. Оның қуанғаннан жылағанын көрген кездегі сезімімді айтып жеткізе алмаймын. Өйткені, мен бала кезімнен әнші боламын деп айтатынмын. Менің әріптестерім ән шырқайтынымды мүлдем білмейді де. Бұл видеоны көргенде, олар қатты таңғалды. Тіпті, олардың тарапынан ұсыныс та айтылды. Мен оларға кәсіби әнші емес екенімді жеткізіп, ұсыныстарынан бас тарттым», - дейді ән салып, желіде танымал болған жолсерік.

Ақылзат Сейтжапардың айтуынша, оның ән өнеріне қызығушылығын ашқан, оған себепкер болған - әкесі мен атасы.

«Мен қазір сахнада ән айтуды армандамаймын. Өйткені, ол - менің бала күнгі қиялым. Ал қазір өмірімнің мәні мен жоспарларым өзгерді. Дегенмен, балалық шақтағы сол арман ой түбінде қалады екен. Кейде өкініш те болады. Есейген сайын, адам саналы сараптап, жүйелі ойлай бастайды. Ал бала кезде түрлі ойға қиял бітіресің. Ол сәтте мүмкін емес ештеңе жоқ сияқты көрінеді. Менің балаларым ән салғанды ұнатады деп кесіп айта алмаймын. Дегенмен, олар шығармашылық мамандықтардың бірін таңдағысы келсе, мен міндетті түрде қолдау көрсетемін. Кейде балаларым менің орындалмай қалған арманымды жүзеге асыруы ықтимал деген де ой мазалайды. Бұл - өмір, ал онда барлығы мүмкін», - дейді Ақылзат Сейтжапар.

Жолсерік атап өткендей, музыкада шекара жоқ. Ол өмірдің барлық салаларына енеді және жан дүниеге терең бойлап, жүрек қылын шертеді.

«Маған атақты композитор Шәмші Қалдаяқовтың әндерін орындаған ұнайды. Менің ойымша, ол туындылар шынайы, өте сезімтал, жүректен жүрекке жетеді. Музыка кейде адамды өткен сәтке жетелейтін уақыт машинасы сияқты. Кәсіби маман болмасам да, күн сайын ән шырқаймын. Мен адамдарға мынаны айтқым келеді: арманыңызды орындау үшін соңына дейін баруыңыз керек. Егер сіз оларды жүзеге асырмай, орта жолдан тоқтасаңыз, онда сіз сана түбінде қалатын өкінішпен өмір сүресіз. Егер өз арманыңызға қол жеткізсеңіз, өзгелер сізге қарап, жігерленеді. Әрбір арман үшін күресу қажет деп есептеймін», - деп сөзін түйіндеді Ақылзат Сейтжапар.