Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақбота Керімбекова еңбек сіңірген әртіс атағын ала алмай жүр

  • AstanaTV
  • 30 сәуір 2023
  • 1831

Әнші Ақбота Керімбекова Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағын ала алмай жүр. Бұл туралы оның әріптесі, әнші Жеңіс Ысқақова "Хабар" телеарнасындағы "Алғашқы" бағдарламасында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz.

"Осы сіздердің бағдарламаларыңызды пайдаланып, жүрекжарды ұсынысым десем бе екен, әңгімемді айтқым келеді. Ақботаны халық бағалайды, әріптестер бағалайды, бірақ Үкімет тарапынан өзіне тиісті бағасын ала алмай жүрген сияқты. Мәдениет министрлігіне айтатыным, көп жылдан бері халықтың қалаулысы болып, сүйіктісіне айналған әншілердің өзіне керекті бағасын беріп тұрсаңыздар екен. "Еңбек сіңірген әртіс" деген атағын ала алмай жүр", - деді Жеңіс Ысқақова.

Ал Ақбота Керімбекованың өзінде "атақ алмадым" деген өкініш жоқ екен. Оған ақша сұрап, атаққа береміз дегендер де болыпты.

"Ондай өкініш менде жоқ, Алла куә. Мұндай өкініш әріптестерімде бар шығар. Үйде анам да "Әй, қызым, қанша концерт беріп жүрсің, қаншама ән жаздырып жатырсың, бір елемей ме сені деп айтып қалады. Анық атаққа, дүниеге қызықсам, менің барлығы қолымнан келетін еді. Мұның астары - маған қызық емес. Маған халықтың берген бағасы, "халықтың Ақботасы" боп жүргенім мың есе артық па деп ойлаймын. Кезінде "Гүлдер" ансамблінде жұмыс істеп жүргенде "Сені атаққа ұсынайық" деп айтты. Сосын, жасыратыны жоқ, "Жоғарыда көкелерің бар ма?" деді. Менде бір Алладан басқа, көкем де тәтем де жоқ. Содан кейін атақтың қалай алынатынын түсіндім. Кейде хабарласып, "Осыншама ақша берсең, осындай атаққа ілінесің" деген сияқты ашық ұсыныстар болды, оны жасыратыны жоқ. Мұны өнердегі әріптестерім де біледі. Шынымен еленіп, ескеріліп жатқан әншілер де бар. Жалпы айтып жатқаным ғой, "оның бәрі сатылады" деп ойлап қалмасын", - деді әншінің өзі.