Русский Сайттың толық нұсқасы

Депутат мемлекет қазынасындағы ақшамен банктерді құтқаруды доғару керегін айтты

  • AstanaTV
  • 03 мамыр 2023
  • 818
Фото: Тұрар Қазанғапов

Депутат Бақытжан Базарбек мемлекет қазынасындағы ақшамен банктерді құтқаруды доғару керегін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Бұл туралы депутат Мәжіліс отырысында айтты. 

"Халықтың қазынасыдағы ақшаны Тимур Құлыбаевтың, Әділбек Жақсыбековтың және басқа да олигархтар мен жоғары шенділердің банктерін құтқаруды қашан доғарамыз? Банктерді емес, халықты аштық пен жұмыссыздықтан қорғау керек. Соның бірден бір жолы - банктерге кепілге қойылған ауылшаруашылық жерлерді қайтаруымыз керек. Ол банктердің артында кім тұрғанын, кімнің иелігінде отырғанын және қандай жолмен ауылшаруашылық жерлерді кепілге қойып жібергенін қоғам, халық білу қажет", - дейді депутат. 

Бақытжан Базарбектің сөзінше, бүгінде Бас прокуратураның ақпараты бойынша, екінші деңгейлі банктер мен қаржы институттарының иелігінде кепілдік ретінде көлемі 2 миллион гектар 3,9 мың ауылшаруашылық мақсатындағы жерлер жатыр. Оны банктер және қаржы ұйымдары өздері пайдаланбайды және сол жерлерді мемлекеттік меншікке қайтаруға асықпайды.

"Осы банктерде кепілге қойылған, қамауда жатқан 2 миллион гектар жердің ішінде үлестік ауылшаруашылық мақсатындағы жерлер бар екендігін халық біле ме? Заңсыз, жемқор әкімдердің кесірінен пайлары, яғни шартты жер үлестерінен айырылған ауыл халқы табанын тоздырып, ақиқат іздеу жолында пайларын қайтару үшін соттасып әлек болып жүр. Соттар талап арыздың көпшілігін қараусыз қалдырады не болмаса талаптың ескіру мерзімін қолданып, үлескерлердің жерлерін банкке кепілге кою туралы келісімшарттарын бұзу туралы талап арыздарын қанағаттандырусыз қалдырады (...) Нақты қадам жасаудың уақыты келді. Нақты жер реформасынан бастап, екінші деңгейлі банктер мен қаржы институттарының иелігіндегі жерлерге қамқор болуымыз қажет. Бұл да халықтың жері екендігін ұмытпауымыз керек", - дейді Базарбек. 

Депутат осы себепті Үкімет пен Бас прокуратура бірлесіп шара қабылдау керегін айтты. 

"Біріншіден, 2025 жылға дейін бүкіл елде жер амнистиясын жариялап – шартты жер үлесінен тұратын және банктерде кепілге қойылған жерлерді үлескерлерге қайтадан қайтаруды көздейтін мемлекеттік жобаны қабылдау керек. Үлескерлерге еркін жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен өзге шаруашылық ұйымдардан шығудың заңи мүмкіндігін қарастыру керек.
Екіншіден, коммерциялық банктердің иелігіндегі 2 миллион гектар көлеміндегі жерлерді мәжбүрлі түрде Жер кодексінің 92-94 бабына сәйкес мемлекеттік меншікке қайтаруды қамтамасыз етуіміз қажет.
Үшіншіден, азаматтардың шартты жер үлесінен тұратын жер пайдалану құқығын екінші денгейлі банктерде және қаржы ұйымдарында кепілге қоюға мораторий енгізу.
(...) 30 жылда онсыз да халық қазынасынан тойған банктер мен оның артында тұрған олигархтарды тойғызбай, халықты ойлайтын уақыт келді", - дейді депутат.